«Ақжайық» резерватының отқа орану себебі бірнеше. Алдымен, резерват аумағы тым үлкен – 100 мың гектардан асады. Одан кейін, жел екпіні күшейіп, су деңгейі көтерілгенде, батпақты жерге өрт сөндіруші техника бара алмайды. Біз бұл туралы тереңірек тиісті сала мамандарынан сұрастырған едік.
Облыстық төтенше жағдайлар депаратментінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, бүгінде атыраулық мамандар өрттің жайылуының алдын алу мақсатында ғарыштық мониторинг жүйесін қолданады екен. Бұл да өз кезегінде резерваттағы қауіпсіздік, төтенше жағдайлардың алдын алуға оң әсерін тигізері хақ.
Бұл ретте, біз Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, экология кафедрасының меңгерушісі Мәнсия Есенеаманованы сөзге тартқан едік.
«Соңғы кезде қамыстың өртенуі жыл өткен сайын өзекті мәселеге айналып бара жатыр. Осы орайда, «оны неге мүлдем шауып тастамасқа?» деген сауал туындауы мүмкін. Бұлай етуге де болмайды. Себебі, қамыс табиғи сүзгі қызметін атқарады. Ол – теңіз бен өзендердің суы құрғап кетпеуі үшін қажет өсімдік. Біздер, эколог ғалымдар, жыл сайын байқап отырмыз, теңіздегі су деңгейі едәуір түсіп келе жатыр. Кейбір ғалымдардың болжамы бойынша, теңіз деңгейі алдағы уақытта тіпті 20 метрге дейін төмендеуі де мүмкін. Бұдан тек Атырау емес, Маңғыстау облысы да зардап шегуде. Біріншіден, теңіз буланып, ондағы су көлемі азайып отыр. Екіншіден, оған құятын өзендер де тайыздануда. Ол өзендер өз бастауын Ресейден алатындықтан, халықаралық келісімдерді реттеу керек болады. Оның үстіне, көрші елдегі Еділ өзені бойында жасанды қоймалар көбірек салынуда. Өз кезегінде олар судың жолын бөгеп отыр. Сондықтан, алда жасалатын жұмыс көп. Бұл мәселе бір жылдың ішінде шешіле қоймасы анық. Үшіншіден, өзіміздің Жайықтың суын халық болып тиімді пайдалануымыз қажет. Егер ол сумен егін суарып, ауыл шаруашылығына сарп ететін болсақ, онда ол теңізге жетпей қалады. Осыдан келіп Каспий кері шегіне береді. Ал, оның орны құрғап, қамыс өртіне әкеледі» дейді ғалым.
Осы ретте, жергілікті эколог-сарапшы Азамат Еркінұлының да өз айтары бар. Оның сөзінше, қамыс өрті тек Атырауда ғана емес, өзге де теңіз табанына жақын орналасқан өңірлерде де жыл сайын қайталанып отырады.
«Соңғы уақытта неліктен қамыс жиі жанатын болды? Меніңше, бұл сауалдың жауабы айдан анық. Өйткені, Каспий теңізі өздеріңізге белгілі, жыл санап кері шегініп, суы тартылып барады. Енді соның орнына қамыс қаулап өсіп жатыр. Бұл – табиғи үрдіс. Екіншіден, қамыстың бәрін тып-типыл шауып атстауға да бомлайды. Ондай шешімді білікті ғалымдармен және зерттеушілермен бірге ақылдасып қабылдау қажет болады. Себебі, бұл біртұтас экожүйеге зиян келтіруі әбден мүмкін. Қалай дегенде де, қамыстың өсуін қажет ететін флора мен фауна болуы мүмкін. Міне, соның бәрінің ақ-қаражасын ажыратып алу керек. Үшіншіден, қамыс өрті тек науқандық сипат алатынын ескерген жөн. Яғни, бұл белгілі бір мезгілде ғана орын алып отырған табиғи құбылыс. Мәселен, былтыр көршілес Ақтау қаласын да осындай көк түтін басты. Оның да себебі теңіз жағалауындағы қамыс өрті болатын. Сондықтан, бұл жағдайға сабырлықпен қарап, дүрбелеңге салынбай, дұрыс шешім қабылдау қажет деп ойлаймын» дейді ол.
Ал, мәселенің екінші қырына келсек, бұл қамысты түбімен шауып алмаса да, белгілі бір бөлігін шаруашылық мақсатта пайдалануға болмас па? Бұл ретте, атыраулық жас ғалым Жанель Шайдолла қамыс өрті проблемасынан құтылу жолын іздестіре келе, қамысты құрылыс материалы ретінде қолданудың жолын ойлап тапқанын айтады. Осыдан екі жыл бұрын «Биохимия» жазғы қарқынды курсында білім алған Жанель қамысты тұрғын үй салған уақытта құрылыс материалы ретінде қолдануды ұсынып отыр. Қамыстан үйдің шатырын, тіпті, бетон қабырға макетін де жасап көрген.
– Дамыған елдерде қамысты құрылыс саласында кеңінен қолданады. Нақты айтқанда, цементті үнемдеу үшін арасына қамыс қосылады. Қамыс араласып құйылған бетондарды үйдің қабырғасын тұрғызуға қолдануға болады. Қамысты үйдің төбесін жабатын шатыр ретінде де қолданады. Қамысты құрылыс материалы ретінде қолданудың экологиялық тұрғыдан тиімділігі бар. Қамыс қыс мезгілінде үй ішінде жылуды ұстап тұрады. Жазғы мезгілде үйде қоңыр салқын температура сақталып тұрады. Осылайша, қамыс құрылыс материалы ретінде адам өмірін қолайлы ете түседі. Бастысы, қамыс пен сабанды ажырата білу керек. Құрылыс материалы үшін сапалы қамыс қажет, – дейді жас зерттеуші Жанель Шайдолла.
Біз Жанельден басқа емес, дәл осы қамыс тақырыбын таңдап алуының себебін сұрадық. Сөйтсек, ол қамыс өрті жиі орын алатын Дамбы ауылында тұрады екен.
Ал, «Биохимия» қарқынды курсының тренері Нұргүл Имамұратованың айтуынша, қамысты құрылыс материалы ретінде қолдану – әлемдік өнеркәсіп нарығында бар технология.
– Әдетте, қамыстан жасалған шатыр қалыңдығы 20-30 см болады. Қамыс су өткізбейді. Оның үстіне, қамысқа жәндіктер жиналмайды. Қамыс құрамында ақуыз болмағандықтан, шыбын-шіркей сияқты жәндіктердің жиналу мүмкіндігі – 0 пайыз, – дейді тренер Нұргүл Имамұратова.
Тағы бір қызығы, металл плиткалардан жасалған шатырлар 20-25 жыл қызмет ететін болса, қамыстан жасалған шатырдың кепілдігі 30 жылға дейін жетеді. Тағы бір айта кетерлігі, қамыстың ағашқа қарағанда ылғалға төзімділігі 48 пайызға дейін жоғары. Кезінде ата-бабаларымыз шаруашылықта қамысты кеңінен қолданған. Малға азық ету, ши тоқудан бөлек, қамыстан тіпті, үйді де тұрғызған. Шетелдерде қамыстың сабағынан қантты да өндіріп жатыр.
Жас ғалым Жанель Шайдолла мен ұстазы Нұргүл Имамұратова бұл жобаны әрі қарай дамытуға ниетті екендерін айтып отыр.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: Әнуар Әбілғазиев