Қаржылық сауаттылығымыз қай деңгейде?

(0 Votes)

 Қаржылық сауаттылық дегеніміз – жеке қаржылық менеджмент, бюджетті құру және инвестициялау сияқты түрлі қаржылық дағдыларды түсіну және тиімді пайдалану мүмкіндігі. Қаржылық сауаттылық сіздің ақшамен қарым-қатынасыңыздың негізі болып табылады және бұл өмір бойына білім алуға саяхат. Неғұрлым ерте бастасаңыз, соғұрлым сіздің жағдайыңыз жақсарады, өйткені білім ақшаға қатысты сәттіліктің кепілі болып табылады.

Статистикалық деректерге сүйенсек, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі соңғы үш жыл көлемінде елдегі қаржылық сауаттылық деңгейі 2,82%-ға артқанын айтады. Мәселен, 2018 жылы қаржылық сауат деңгейі 36,25% болған болса, 2020 жылы 39,07%-ды, ал 2021 жылы 4-тоқсанда жүрігізілген әлеуметтік зерттеуге сәйкес, 39,52%-ға жеткен. Агенттіктің болжамынша, 2024 жылы бұл көрсеткіш 41%-ға дейін көтерілмек.

Мамандар қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуге мүмкіндік беретін жеті ереже барын айтады. Олар: ақшаны тапқаннан азырақ жұмсау, жеке және отбасылық бақылау, қаржылық мақсат қою, сауданы саналы түрде жасау, қаржы резервтерін қалыптастыру, шығындарды бақылау және пассивті табыс көздерін іздеу.

Өкінішке орай соңғы кезде халықтың қаржылық сауатсыздығының кесірінен қаржы пирамидаларының торына түсіп қалушылар көп. Елімізде қаржылық пирамиданың қарапайым халыққа келтіріп жатқан материалдық залалы жыл сайын бірнеше миллиардтарға дейін барады.

Мысалы, 2020 жылдан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін Қылмыстық кодекстің 217-ші қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету туралы бабы бойынша 200-ге тарта іс қозғалған. Осы уақыт аралығында тек аяқталған қылмыстық істер бойынша материалдық залалдың жалпы сомасы 8,3 миллиард теңгеден асты. Жапа шеккендер осы қаражаттың 5 пайызын ғана өтей алды. Ал бүгінде бірігіп жұмыс істеген үш қаржылық пирамида 8 миллиардтан аса шығын келтіріп отыр.

Қарапайым халықтың тағы да ойланбай баратын қадамдарының бірі – несиеге белшесінен бату. Айлығы шайлығына жетпеген отандастырымыз көп жағдайда несиені мәжбүрлі түрде алады. Негізінде халықтың несиелену деңгейі экономикалық өсіммен қатар жүруі керек еді. Ал қазақстандықтардың банк алдындағы қарызы экономикалық өсімнен асып түскен. Ұлттық банк жүргізген сауалдама нәтижесі экономикалық белсенді немесе кішігірім қызметте жүрген азаматтардың 90 пайызы айлық пен айлықтың арасында күн көретінін көрсеткен. Демек қазір жұртшылықтың қарызсыз өмір сүруі барынша шектелген.

Жуырда ауданымызда «Аманат» партиясының ұйымдастыруымен қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған курс болып өтті.

«Өкінішке орай, елімізде жыл өткен сайын бір емес, бірнеше банктен ақша алып, қарызға белшесінен батқандар адамдар саны өсіп келеді. Қолжетімді несиелер, қаржы ұйымдарының жоғары пайыздық мөлшерлемелері қарызданған халықтың санын одан сайын өсіруде. Осы мәселе "Қарызсыз қоғам" жобасының туындауына себеп болды. Жобаның мақсаты бірінші кезекте ауылдық жерде тұратын адамдардың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру. Сондықтан, 2023 жылдың мамыр айында «Аманат» партиясы HalykBank-пен бірлесіп жариялаған "Қарызсыз қоғам" жобасы іске қосылды. Осыған байланысты «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев пен HalykBank Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова тиісті меморандумға қол қойды», - дейді жоба оқытушысы Клара Сисенғали.

«Ұлы дала» ауыл бизнесін дамыту ассоциациясы жүзеге асырып жатқан "Қарызсыз қоғам" жобасы Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында іске асуда.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба тыңдаушылары несие беру шарттары туралы ақпарат алған және несиесі бар адамдар өз жағдайларын жеңілдету мен жақсарту мәселелері бойынша кредиторлармен қалай дұрыс сөйлесу керектігін үйренген. Сонымен қатар олар өз қаржысын тиімді басқаруды және шығындарын оңтайландыруды үйреніп, қаржылық мәселелердің қалай туындайтынын, несиелік қарыздар санын азайтудың жолдарын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтауға болатынын білген.

Мақатта және Доссор кенттері мен Бәйгетөбе аулдық округінде өткен оқу 5 күннен тұрған. Өз кезегінде оқуға қатысушылар осындай жобаларды тұрақты негізде өткізіп тұру керектігін айтады.

А. Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT