Бүгін Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында Ұлттық валютамыз - теңгенің айналысқа енгеніне 30 жыл толу мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды. Мерекелік шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев және қаржы саласының қызметкерлері мен ардагерлері қатысты. Аймақ басшысының орынбасары айтулы мейраммен құттықтап, қаржы саласында елеулі еңбек атқарған ардагерлер мен қызметкерлерге ҚР-ның «Еңбек ардагері» төсбелгісін, Ұлттық Экономика министрінің «Экономика саласына қосқан үлесі үшін» медалін табыстап, ҚР Қаржы министрінің және облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады.
- Тәуілсіздік таңының жарқын жетістігінің нышанына пара-пар төл теңгеміздің мейрамы құтты болсын! Бүгін айтулы, тарихи оқиғаға 30 жыл толып отыр. Біз егемендік алған алғашқы жылдардың өзінде туы, елтаңбасы, әнұраны және төл валютасы бар мемлекет қалыптастыра білдік. Сондай-ақ 15 қараша - Қаржыгерлер күнімен де құттықтаймын! Ел экономикасына өлшеусіз үлес қосқан сала ардагерлеріне мықты денсаулық, қызметкерлерге толағай табыс тілеймін,- деді Ж.Бисембиев.
Кейін Ұлттық банктің Атырау филиалы директорының орынбасары Айгүл Ибраева Қазақстан теңгесінің және Қазақстан Республикасының қаржы жүйесінің дамуына және нығаюына талай тер төккен филиал ардагерлерін «ҚР Ұлттық валютасы – Қазақстан теңгесінің айналысқа енгізілгеніне 30 жыл толу құрметіне арналған мерекелік медальмен» марапаттады.
- Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктер – экономикадағы қарқынды істердің ең басты реттеушісі, алпауыт елдердің валюталары арасында төл теңгеміздің бәсекеге қабілетті болуының арқасы. Соның негізінде еліміздегі әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар, экономиканың күретамырына қан болып тарап, даму бағдарламаларының да жүзеге асуына зор септігін тигізді. Төл теңгеміздің тұғырлы мерекесі құтты болсын! - деді А.Ибраева.
Салтанатты іс-шара мерекелік концертке ұласты.