Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі қоршаған ортаны қорғау және экология мәселесіне баса назар аудару керектігін айтқан еді. Ол өз сөзінде «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысқанын, жүздеген мың үйдің ауласы тазартылып, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналғанын және осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келе жатқанын жеткізді.
Президенттің бұл бастамасын құлсарылықтар да құптады. Өйткені көктемдегі алапат су тасқынынан кейін аудан орталығының көшелері қоқыс үйінділеріне толған еді. Үйлері зардап шеккен тұрғындар жарамсыз күйге түскен дүние-мүліктері мен құрылыс материалдарын сыртқа шығарып, оларды «Жылыой-Тазалық» мекемесі тасымалдап үлгере алмай жатты. Жергілікті әкімдіктің ықпал етуімен және «Таза Қазақстан» акциясы аясында бұл ортақ іске өңірдегі өндірістік мекеме-кәсіпорындары мен жергілікті тұрғындар, еріктілер де бір кісідей атсалысып, қала аумағы біраз тазарып қалды.
Төмендегі атқарылған іс-шаралар сондай ауқымды жұмыстың бір парасы десек те болады. Айталық, осыған дейін «Қазақстан Ғарыш Сапары ҰҚ» түсірілімдері арқылы аудан аумағынан 112 белгіленбеген қоқыс үйіндісі анықталған еді. Оның 95-і аудан орталығы – Құлсары қаласының аумағында орналасқан болып шықты. Демек, онсыз да экологиялық мәселесі өткір тұрған аудан орталығы үшін бұл «жығылған үстіне жұдырық» екені сөзсіз. Қоршаған ортаны қорғау үшін шұғыл түрде іске кіріскен Құлсары қалалық әкім аппараты осы «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы аясында 93-тен астам белгіленбеген жерге төгілген қоқыс үйіндісін тазартып, тиісті орындарға тасымалдады. Бұл ретте Теңіз кенішіндегі «Теңізшевройл» компаниясы секілді іргелі кәсіпорындар да тартылып, адам мен техника күшімен көмек қолын созды. Әрине, осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын тауып жатыр. Біз ол жайлы ақпаратты жергілікті әкімдіктің ресми сайты мен парақшаларынан көріп отырмыз.
Айталық, елімізді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына бейжай қарамай, қоршаған ортаға қамқорлық танытуға шақырған Құлсары қалалық әкім аппаратының бас маманы Азизхан Демесінов қала әкімінің әлеуметтік парақшасында қала тұрғындарына айналасын таза ұстауға үндеген өтінішін жеткізді. Ол өз сөзінде:
- Қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың міндеті. Табиғатты қорғау арқылы қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға бірге үлес қосайық. Және экологиялық мәдениетімізді арттырып, ауданымызды көркейтуге тырысайық. Сондай-ақ белгіленбеген жерлерге қоқыс тастауға тыйым салынғанын және рейд барысында заң бұзушыларға айыппұл салынатынын ескерткіміз келеді. Тазалықты сақтау мақсатында аумақтарды қайта ластамау сұралады,- дейді ол өз хабарламасында.
Әрине, тазалық пен көгалдандыру жұмыстарының басты мақсаты бәрімізге ортақ - тұрғындарға таза ауа мен жасыл орта қалыптастыру. Ендеше, туған жерімізді қадірлесек, оның әр аумағын таза ұстап, әр қалдығын жинап жүруге тырыссақ, нұр үстіне нұр емес пе?! Әрине, акция тек тазалық жұмыстарымен шектеліп қана қалмады. Сенбілікке және жай тазалыққа атсалысуға шыққандардың күшімен қала мен ауылдық округтерді қоқыстан арылтып қана қоймай, күз мезгілінде тал егу, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілді.
Мәселен, «Теңізшевройл» компаниясымен жасалған меморандум аясында Құлсарының кіреберіс аумағында орналасқан жаңадан бой көтерген «Атырау» ықшамауданында қала төңірегін көгалдандыру жұмыстары да қарқын алды. Жыл басында жалпы көлемі 10 гектар жерге көшет отырғызу жұмыстары жоспарланып, 4,6 гектар жерге ағаш отырғызылғанын жазған едік. Одан кейін аталған ықшамаудан маңына қосымша 1 гектар жерге тал отырғызылды. Бұл ретте жергілікті табиғи ерекшеліктер ескеріліп, қала аймағының топырағына бейімделген ағаш түрлері таңдалынып алынды. Енді осы жоба аясында тағы да 3,5 гектар жерге көгалдандыру-көркейту жұмыстары жалғасып, 20 желтоқсанға дейін аяқталады деп жоспарлануда. Қаламызды жасылдандырып, еліміз үшін жалпыұлттық міндет болып саналатын ауқымды іс мамандардың басты назарында болады. Ал ағаштарды отырғызу мен күтіп-баптау мердігер мекеме «ЭкоСтройСтандарт» ЖШС арқылы сапалы орындалды.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ