Қ.Елеместегі атындағы шәкіртақы тағайындалды

(0 Votes)

Осыдан он бес жыл бұрын өмірден өткен жергілікті «Мұнайшы» газетінің редакторы Қажымұқан Елеместегі ортамызда тірі жүрсе биыл жоталы жетпісіне толып, елі тойлап жатқан болар еді. Осынау атаулы күнге орай «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің баспасөз клубында қаламгерді еске алу кеші өтті.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті және Қазақстан журналистер одағы облыстық ұйымы ұйытқы болған шараға онымен үзеңгілес қызмет атқарған әріптестері, университет оқытушылары мен студенттер, оқырмандар қатысты.

Есімі өңірімізге белгілі журналист, ақын, баспагер, Мақат ауданының Құрметті азаматы, Т.Амандосов атындағы Атырау облысы əкімі сыйлығының иегері Қажымұқан Елеместегінің шығармашылық жолы, азаматтық келбеті, адами қасиеттері мен қырлары, өнегелі өмірі мен ғибратты ғұмыры жайлы əдемі əңгіме өрбітіліп, тағылымы зор, тəбəрігі мол сыр шертілді.

Бұл ретте белгілі композитор, жазушы, публицист Илья Жақанов, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадір Жүсіпов, жерлесі, филология ғылымдарының кандидаты Айсұлу Исанова, «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директорының орынбасары Исатай Балмағамбетов, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрайымы Алма Қалусариева т.б. жылы лебіз, есті естеліктерімен бөлісті. Оның кəсіби шеберлігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне, жаңашылдығы мен талапшылдығына, тағы басқа ерекшеліктеріне тоқталды. Есімін елінің есінде қалдыру мақсатында Мақат кентіндегі тұрған үйіне ескерткіш тақта орнату, аудан орталығындағы көшелердің біріне атын беру туралы бастама көтерілгені айтылды. Шынымен де кезінде ол басқарған жетпіс жылдық тарихы бар «Мұнайшы» газетінің қоғам алдындағы салмағы еш төмендеген емес. Сол жылдары газет Бағытжан Қаратаев атындағы республикалық сыйлықты иеленді. Оның əр кезеңде жарық көрген шығармалар жинақтарының əрқайсысы өз алдына бір төбе. Қажымұқан Елеместегі публицистика жанрында өнімді еңбек етіп, соның ішінде, əсіресе, экономикалық тақырыпта жергілікті мұнайшылардың жағдайын, əлеуметтік салада мұғалімдердің мұқтажын, дəрігерлер дабылын, экологиялық дерт пен оның дауасын жетер жеріне жеткізе жазды. Облыс, аудан көлемінде қоғамдық мəселелерге қозғау салды. Осының бəрі басқосу барысында жан-жақты бағамдалып, сараланды.

Соңында осындай керемет шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірген марқұмның жары Ұштап Жолдыбайқызы отбасы атынан белгіленген Қ.Елеместегі атындағы шəкіртақыны Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті журналистика бөлімінің үздік студенттері Əділхан Нұрсұлтанов (1 курс) пен Венера Андуеваға (2 курс) табыстады.

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT