Қазақстан мен Түркия Үкіметтері арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін жеңілдету туралы келісім бекітілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Құжатты бүгін Сенат мақұлдады. Енді алдағы 6 ай ішінде екіжақты ақпарат алмасудың техникалық жағдайы реттеледі. Пилоттық жобаны іске асыруға тағы жарты жыл уақыт беріледі. Осылайша, жүк әкелу 12 бақылау-өткізу бекеті арқылы жүргізіледі.Оның ішінде бірі теңізбен, екеуі теміржолмен және қалғандары автокөлік арқылы жеткізіледі. Ал жүкті экспорттау 7 бақылау-өткізу бекеті арқылы атқарылады.
Айта кеткен жөн, екі ел арасындағы тауар айналымы былтыр 6 млр 300 млн АҚШ долларына жетті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы: - Келісім екі мемлекет арасында тасымалданатын тауар мен көлік құралдары туралы электронды ақпарат алмасу тәртібін айқындайды. Соның нәтижесінде кедендік бақылау рәсімдерінің мерзімдері қысқарып, тиімділігі артады деп күтілуде. Осы мақсатта өткізу пункттерінде шекарадан өтудің тәртібі анықталады. Сондай-ақ кедендік тексерулерден босату және өзге кедендік рәсімдеулерді жеңілдету көзделіп отыр.