Каспий теңізінің біз жақ секторында көмірсутекті шикізат қоры табылған үш кеніш бар. Бұл – Қашаған, Қайраң және Ақтоты. Оның ішінде ең ірі кен орны – Қашағаннан «қара алтын» өндіру 9 жыл бұрын басталды. Бес елге ортақ айдын тереңіндегі мұнаймен бірге екі өнім ілесе шығады. Бірі – ілеспе газ, екіншісі – күкірт. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қашағандағы газ өңдейтін зауыт құрылысы мәселесіне арнайы тоқталды. Жобаға жауаптыларға құрылысты межеленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Былтыр Солтүстік Каспий жобасының операторы – NCOC компаниясы аталған кеніштен 17,4 млн тонна мұнай өндірді. Демек «қара алтынмен» бірге ілесіп шыққан газ көлемі аз емес. Сол себепті, Атырау облысында «көгілдір» өнімді ел игілігіне жарату мақсатында газ өңдеу зауытының құрылысы басталды. «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтің айтуынша, жаңа өндіріс орны кестеге сәйкес 2026 жылдың аяғында пайдалануға берілуі тиіс. Қазір зауыт құрылысында ілгерілеушілік бар. Құрылыс алаңында 58 мың текше метр бетон құю жұмыстары аяқталды. Металл конструкциялар мен механикалық жабдықтардың монтажы басталып, 2 мың 300 тоннасы атқарылған. Құрылыс алаңында 200 тоннаға дейінгі жүкті көтеретін екі кран бар. Енді 400 тонналық ауыр жүкті көтеретін крандарды әкелу жоспарланыпты.
Газ өңдеу зауытының құрылысын жүргізетін бас мердігерге «KCG» және «Integra» ЖШС таңдалған. Осы кезге дейінгі жоба қарқыны 42%-ды құрайды. Жабдықтардың 90%-ы құрылыс алаңына жеткізіліпті. Учаскедегі жұмысқа 945 адам тартылған. Оның 70%-ы – жергілікті тұрғындар. Оларға жұмысты үзілісіз жүргізу үшін 75 техника бөлінген.
«Қазір құрылыс алаңында жұмыс қарқыны арта түсті. Көктемде ірі көлемді технологиялық құрал-жабдықтардың монтажы жасалады. Алдағы мамыр айында құрылыс жұмысы шарықтау кезеңіне таяп, сол кезде жұмысшылар саны 2 адамға жетеді», дейді С.Жаркешов.
Мамандардың түсіндіруінше, зауыт іске қосылған соң өңделген газдан төрт түрлі өнім шығару көзделіп отыр. Бұл – жылына шамамен 727 млн текше метр тауарлық газ, 115,5 мың тонна сұйытылған мұнай газы, 17 мың тонна композиттік газ және 218,5 мың тонна түйіршіктелген күкірт. Болашақта газ зауытын басқарудың басым бөлігіне Катар елінің компаниясы иелік етуі мүмкін. Өйткені былтыр қарашаның соңында газ өңдеу зауытының 75% акциясын аталған елдің компаниясына сату жөнінде келіссөз жүргізілді. Осыған орай Доха қаласында «QazaqGaz», «Power International Holding», KCG, HBP басшылары Қашаған газын өңдеу зауытының құрылысын жеделдету мәселесі талқыланды.
«Аталған компания-мердігерлердің акционерлері жобаны жүзеге асыру мәртебесі, тапсырмалар мен құрылысты жеделдету бойынша қабылданып жатқан шешімдер туралы есеп берді. Қазір «Power International Holding» компаниясының еншілес кәсіпорны «UCC Holding» тарапынан газ өңдеу зауытының 75% акциясын сатып алу туралы келіссөздер аяқталды. Транзакция шарттарын келісу үдерісі басталды», деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Катарлық «UCC Holding» компаниясы Атырау облысындағы газ өңдеу зауыты жобасына операциялық бақылау жүргізуді қолға алды. Бұл компания аталған жоба операторы – «GPC Investment» ЖШС-ның күрделі құрылыс жөніндегі атқарушы директоры қызметіне Мұғал Мақымғалиды тағайындады. Ол бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытында, «Аджип ҚКО», «Норт Каспиан ПроКон Салюшнс» және «SNC-Lavalin» компанияларында жұмыс істеген. Осы тағайындауға дейін катарлық «UCC Holding» компаниясында басшылық лауазымда қызмет атқарған.
Сондай-ақ тараптар бірлескен үш жобаны жүзеге асыруды жеделдету мәселесін қарастырған. Біріншісі – қуаты 2,5 млрд текше метр болатын Қашаған газын өңдейтін екінші зауыттың жобасы. Екіншісі – Бейнеу – Бозой – Шымкент магистралды газ құбырының екінші тармағының құрылысы. Үшіншісі – Ақтөбе – Қостанай КС-14 жобасы.
Атырау облысы