Медет Мұқышев – Назарбаев университетінің PhD студенті, AI-Ym платформасының негізін қалаушылардың бірі. Ол BAQ.KZ тілшісіне жобаның кімдерге арналғанын және қандай пайдасы барын айтып берді.
AI-Ym – қазақ ым тілін үйренуге арналған платформа. Жоба онлайн ым-ишара сөздігінен басталды. 1500-ге жуық сөз жинадық. Содан кейін кітаптар, аударма және курстарға көштік, - деді маман.
Платформа алдағы уақытта жасанды интеллект көмегімен құлағы естімейтін немесе нашар еститін адамдар мен еститіндер арасындағы коммуникациялық кедергілерді жоюды көздейді.
AI-Ym жобасы қазақ ым тілін үйренгісі келетін және қазақ ым тілін білетін, бірақ оқу қабілетін жақсартқысы келген адамдарға пайдалы болады. Болашақта бұл портал арқылы автоматты түрде аударым жасауға болады деп сенеміз. Қазіргі кезде біз толық автоматты аударым жасай алмаймыз. Бірақ болашақта камераны қосып, ым тілінен қазақ тіліне және керісінше қазақ тілінен қазақ ым тіліне аударым жасайтын жасанды интеллект шығарғымыз келеді, - деді ғалым.
Сондай-ақ Медет Мұқышев жобаның бір мақсаты есту қабілеті нашар оқушыларға көмектесу екенін атады.
Әртүрлі мемлекеттерде жасалған зерттеулер ым тілінде білім алу өте қиын екенін көрсетті. Өйткені кітаптар аз, оқу бағдарламасына толығымен адаптация жасалмайды. Сондықтан тест тапсырғанда есту қабілеті нашар балалар өз жасындағы еститін балалардан гөрі нашар нәтиже көрсетеді. Сондықтан оқу барысында оларға көмектескіміз келеді, - деді ол.
Платформада есту қабілеті нашар оқушылар кітап оқып, білмейтін сөздерін ыммен көре алады.
Мектепте есту қабілеті нашар, естімейтін балалар бір сыныпта оқиды. Сондықтан олардың қазақ ым тілін білу деңгейі де әртүрлі болады. Олар көбінесе бір-бірімен қарым-қатынас жасап, өзінің қазақ ым тілін жақсартады. Олар AI-Ym-ға кіріп, кітап оқи алады және білмеген сөздерін қазақ ым тіліне аударып көре алады. Сол арқылы қазақ ым тілін жақсырақ үйрене алады, - деді Медет Мұқышев.