Қазіргі уақытта интернет-алаяқтық, ойынқұмарлық және есірткі тасымалдау мәселелері әлем бойынша күн тәртібінен түспей отырған өзекті тақырыптардың бірі. Жасөспірімдер арасында тонау, қарақшылық шабуыл сынды құқық бұзушылықтармен қатар, есірткі қылмысына тартылатындардың саны да артып келеді. Осы ретте, Атырау облысында 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалатын қылмыс пен құқықбұзушылықты анықтау бағытында республикалық «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Атырау облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Білім беру басқармасы, Психикалық денсаулық орталығы және «Тәуелсіз өмір» жастар қозғалысымен бірлесе отырып, «Есірткі заттарының мектеп оқушылары ағзасына зияны және лудоманияның кері әсері» тақырыбында жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына арналған кездесуді ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, есірткі құралдарының заңсыз айналымына жол бермеу және осы бағыттағы өзара іс-қимылды күшейту.
Жиын барысында полиция қызметкері синтетикалық есірткілердің таралу қарқыны мен олардың адам денсаулығына, қоғамға тигізер зияны туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, ата-аналарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, олардың жүріс-тұрысы мен мінез-құлқына үнемі назар аударудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.