Алдағы 4 жылда елімізде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жоба іске асады. Осы арқылы көлік-транзиттік әлеуетімізді нығайта түсеміз. Мемлекет басшысы Бурабай баурайында өткен Ұлттық құрылтай жиынында осылай деді. Ауқымды жобалардың қатарына Орталық-Батыс автожолының құрылысы кіреді. Бастама өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деп күтіледі.
Жол салынса, өңірлер дамиды. Президент айтқан жаңа күрежол орталық пен батыс аймақтың арасын 560 шақырымға қысқартады. Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай, Ырғыз арқылы өтетін автожол құрылысын бастау тапсырылды. Яғни, бұл Орталық-Батыс тасжолы Ақмола, Қостанай, Ақтөбе облыстарын жалғап, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік жолымен тоғысады. Одан әрі Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жатыр. Ал ол өз кезегінде Қытай аумағынан Қазақстан, Каспий акваториясы, Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы Еуропаға шығады.
Орталық-Батыс автожол бағытының жалпы ұзындығы 800 шақырымға созылады. Мамандар екінші санаттағы екі жолақты қозғалыс ашылатынын айтады. Құрылысына отандық және шетелдік инвесторлар қатысады деген болжам бар.
Дереккөз: 24.kz/kz