Қазіргі таңда климаттың өзгеруі, табиғи ресурстардың сарқылуы, қалдықтардың көбеюі сияқты ғаламдық экологиялық мәселелер адамзат баласының ең өзекті әрі күрделі міндеттерінің біріне айналды. Осындай күрделі ахуалда экологиялық сауаттылық пен жауапкершілікке негізделген қоғамдық қозғалыстардың маңызы арта түсуде. Соның ішінде эковолонтерлік бағыт — қоғамның табиғатпен үйлесімді өмір сүру мәдениетін қалыптастырудағы маңызды құралға айналып отыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Қоғамда эковолонтерді көбіне тек сенбілікке шығып, қоқыс жинаушы адам ретінде қабылдау қалыптасқан. Алайда бұл түсінік бүгінгі таңда түбегейлі өзгеріп келеді. Эковолонтер — қоршаған ортаға қатысты әлеуметтік, мәдени, ағартушылық, ғылыми жұмыстармен айналысатын белсенді тұлға. Олар — экологиялық мәдениетті насихаттаушы, ақпараттық-ағартушылық бастамалардың көшбасшысы, табиғатқа жанашыр көзқарас қалыптастыру жолында күрес жүргізуші азаматтар.
Осы тұрғыда Атырау облысындағы «Жаныңдамын» қоғамдық қорының қызметі — эковолонтерліктің мазмұнын жаңа деңгейге көтеріп отырған жарқын мысалдардың бірі.
Қор жетекшісі, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Мейрамгүл Есниязованың айтуынша, «Жаныңдамын» — бұл тек экоқозғалыс емес, мейірімділік пен қоғамдық жауапкершілік ұғымдарын кеңінен таратуға бағытталған азаматтық бастама. Қоғамдық қор өз жұмысын алғашында COVID-19 пандемиясы кезінде гуманитарлық қолдау көрсету бағытында бастаған. Кейін экологиялық бағытта жаңа серпін алып, қазіргі таңда аймақтағы ең белсенді эковолонтерлік орталықтардың біріне айналып отыр.
Қордың басты мақсаты — қоғамда экологиялық сана мен экомәдениетті қалыптастыру. Бұл мақсатқа жетуде ұйым мектептермен, мемлекеттік құрылымдармен және белсенді жастармен бірлесе жұмыс істеуде.
«Жаныңдамын» қоғамдық қоры Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен тығыз байланыста жұмыс атқарып келеді. Бұл серіктестік нақты жобалар мен нәтижелі іс-шаралардың жүзеге асуына мүмкіндік беруде. Мәселен:
«Таза Қазақстан» акциясы аясында апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, қаланың және облыс аумағындағы экологиялық жағдайды жақсартуға үлес қосылуда.
Мектеп оқушыларына арналған экосағаттар мен конкурстар өткізілуде. Бұл шаралар балалар мен жасөспірімдер арасында суды және энергияны үнемдеу, қоқысты сұрыптау сияқты экологиялық әдеттерді қалыптастыруға бағытталған.
Бүгінде қор жанынан №44 мектеп-гимназиясының 15 оқушысы ресми түрде эковолонтер ретінде тіркеліп, белсенді жұмыстар атқаруда. Бұл — болашақ ұрпақтың экосанасын қалыптастыруда нақты іске асқан жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Эковолонтерлік қызметті жаңғыртып, жастарды тарту мақсатында қор бірнеше жаңа жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Атап айтқанда:
EcoQuiz — экологиялық білімге арналған зияткерлік сайыстар.
Экоподкасттар мен танымдық видеоконтент — экология тақырыбында білім беретін заманауи форматтар.
EcoPoetry — Instagram және TikTok платформаларында экологиялық өлең оқу челленджі.
EcoMediaLab – Жасыл медиа мектебі — экотақырыптағы контент жасаушыларды тәрбиелеу мен дамытуға бағытталған арнайы жоба.
Бұл бастамалар — экологиялық мәдениетті тек танымдық емес, шығармашылық тұрғыда да дамытудың көрінісі. Сонымен қатар жастардың цифрлық медиадағы белсенділігін дұрыс арнаға бұруға септігін тигізеді.
Мейрамгүл Есниязованың айтуынша, табиғатты қорғау — бұл тек мемлекет немесе арнайы ұйымдардың міндеті емес, әр адамның азаматтық борышы. Ол жастарға қарата: «Табиғатты сүю – өз болашағыңа жанашырлық танытумен тең» деп үндеу тастайды.
Экология мәселесін шешу — ұзақ әрі кешенді процесс. Алайда бұл жолда әрбір адамның кішкентай қадамы үлкен өзгеріске себеп бола алады. Бұл — бөтелке суды үнемдеуден бастап, қоқысты сұрыптауға, ағаш егуге, немесе бір ғана экологиялық ақпаратпен бөлісуге дейінгі қарапайым, бірақ маңызды әрекеттер.
Атырау өңіріндегі «Жаныңдамын» қоғамдық қоры мен ондағы эковолонтерлердің қызметі — экологиялық жауапкершілік пен сананың жаңа мәдениетін қалыптастырудағы маңызды бастама. Бұл тек аймақтық тәжірибе емес, бүкіл елге үлгі боларлық бағыт. Экологиялық мәселелер тек экобелсенділердің ғана емес, барша қоғамның ортақ ісіне айналғанда ғана біз табиғатпен үйлесімді, тұрақты өмір сүруге қол жеткізе аламыз.