Атырауда жүзеге асырылған «Өрле» жобасының түлегі – Доссор кентінің 45 жастағы тұрғыны, көпбалалы ана Гүлфара Шайхмединова бүгінде отбасымен бірге жылыжайда қияр өсіріп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жалпы, Атыраудың негізгі саласы агросектор емес, бұл мұнайлы мекен екені баршаға белгілі. Бірақ, облыс орталығында, Махамбет, Индер және Жылыой аудандарында ашық жер бетінде егін өсіруге әбден болады. Құрманғазы ауданы да қолайлы, бірақ ол Ресеймен шектесетіндіктен, шыққан өнімнің бәсекеге қабілетті болуы екіталай.
– Мен – жеті баланың анасымын. Құдайға шүкір, «Алтын алқа» иегерімін. Жоғары білім алдым, бірақ бала күтіміне байланысты жұмыста жоқпын. Сөйтіп жүргенде мен грант байқауына қатысып, қомақты қаражатқа да ие болдым. Соның арқасында ертеңгі күнге деген нық сенім пайда болды. Балаларымның болашағына да алаңдамайтын болдым. Жұбайымның да осы егін шаруашылығына қызығушылығы зор. Өз білгенімді балаларыма да үйретіп қоямын. Бүкіл отбасымыз болып осы кәсіппен айналысып жатырмыз.
Жылыжайдың бір артықшылығы, қыста суық, жазды ыстық деп қарап отырмайсың, жылдың кез келген маусымында қалаған көкөнісіңді өсіріп, өнім ала аласың. Былтыр осы кәсібімнен біраз табыс таптым. Қияр өсірудің қиындығы да жетеді. Олар бала сияқты ғой, ерекше күтімді керек етеді. Ауырып қалса, емдеу қажет. Ең бастысы, бірқалыпты ауа температурасын қамтамасыз етіп отыру керек. Жылыжайды тастап алысқа ұзап кете алмаймыз. Алдағы уақытта да қол қусырып қарап отырмай, кәсібімді кеңейткім келеді. Мен, тіпті, қазақтың ұлттық өнері – киіз басуды да үйреніп алдым, - дейді Гүлфара Жұмажанқызы.
Айта кетейік, Махамбет пен Мақат аудандарынан 22 тұрғын өз кәсібін жүргізу үшін 2022-2024 жылдар аралығында «Өрле» жобасының шеңберінде 47 миллион теңгеден астам қаражатқа ие болды. Бұл жергілікті фермерлерге өз табысын 27 пайызға арттыруға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, аталған аудандардан үш қатысушы «Өрле. Махамбет жылыжайлары» ауылшаруашылық кооперативін құрып алды. Бірінші жыл көкөніс өсірушілер жазғы маусымда жұмыс жасап, өз өнімдерін ірі сауда орындарында ұсынғанды жөн көрді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ