Алтай мен Атыраудың арасын қаншама ғасырдан бері үш жүздің баласы мекендеп келген болса, осынау ұланғайыр алқапта соншама тұнған тарих, әлі күнге ашылмаған сыр жатыр. Әсіресе өз ауылының арғы-бергі тарихына сол жерде кіндік қаны тамып, бір уыс топырағы мен әрбір тал тасын қастерлейтін ұл мен қыз тіпті де қанық болса керек-ті. Жақында дәл сондай туған топырағының тарихын зерттеп, халқының аманатын арқалап жүрген ғалыммен сұқбаттасуды сәті түсті. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, тарихшы Бақтылы Боранбаева биыл «Ұлы Отан соғысына қатысқан Батыс Қазақстан облысының қазақ қыздары» және «Каспустин Яр» әскери полигоны: қазақ депортациясы» атты екі бірдей кітапты оқырманға ұсынып отыр.
– Бақтылы Сансызбайқызы, Астанаға қош келдіңіз! Биыл Ұлы жеңіске 80 жыл. Кеңес Үкіметі дегенмен сол заманда ел, жер ортақ болғаны ақиқат. Солайда қазақтың батыр ұл-қыздары бес қаруын сайланып майданға аттанды. Жауға жанкештілікпен төтеп берді. Сол батырлардың аты әлі күнге анықталып, қаншама архивтер ақтарылып жатыр. Әңгімеміздің әлқиссасын өзіңіз зерттеген Ұлы Отан соғысына қатысқан ақжайықтық арулар жөніндегі ғылыми-зерттеу еңбегіңізден бастайықшы. 10 жыл бұрын шыққан еңбегіңіз қайтадан тың деректермен толықтырылып, жақында ғана оқырманға жол тартқан екен...– Майгүл, біріншіден, осы Астанаға келген сапарымызда Батыс Қазақстан өңірінен шыққан тарихшы-ғалым деп осы тарихымызды, өлкеміздің тарихын айтуға мүмкіндік жасап шақырғандарыңызға рахметімді айтамын. Иә, сіз дұрыс айтасыз. Бұл кітапты осы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 80 жылдығына орайластырып қайта шығардым. Бұны 10 жыл бұрын, яғни 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығына арнап алғаш рет шығарылған кітаптың жалғасы, толықтырылған екінші нұсқасы деп айтуға болады. Ол кезде Батыс Қазақстан облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан 17 қазақ қызының есімі енгізілген болатын. Ал осы жолғы кітапқа тағы да 4 жауынгер қызды тыңнан қостым. Мен бұны зерттеу тақырыбы ретінде сонау 81-ші жылдары Атырау, қазір бұрынғы Гурьев педагогикалық институтының 1-курсын оқып жүрген кезде бастағанмын. Ол кезде маған «Ұлы Отан соғысына қатысқан Қазақстан әйелдері» деген тақырып берілді де, бес жыл бойы іздендім. Сол еңбегімнің арқасында Лениншіл комсомол жастар комитетінің мақтау грамоталарымен әлденеше рет марапатталған болатынмын. Бірақ, ол тоталитарлық жүйе, кеңестік заман ғой. Сондықтан 5-курсқа келген кезде маған бұл тақырыппен диплом жұмысын қорғауға рұқсат етілмеді. Сөйтіп тақырыбымды өзгертіп жіберді. «Қазақстан әйелдері: Ұлы Отан соғысы жылдарында» деген тақырыппен диплом қорғай алмайсыз. «Сергей Миронович Киров Қазақстанда» деген жаңа тақырыпты алыңыз, Астраханға барып, архивті зерттеңіз» деді. Шынымен де бұл тақырыппен қорғай алмадым. Бірақ менің қызығушылығым әрмен қарай жалғаса берді. Ұзақ жылдар мектепте мұғалім болып жұмыс жасаған кезде де оқушылармен осы жоба аясында жұмыстанып жүрдім. Осылайша ізденіс жұмысын жалғастырып, жинаған деректерімнің негізінде 2015 жылы осы 17 қазақ қызын жарыққа шығарған болатынмын. Соңғы он жылда тағы төрт қыздың есімі белгілі болды. Бұл бұрын-соңды ешбір жерде айтылмаған, жазылмаған, тіпті республика емес, облыс, аудан, ауылдағы адамдарға ашылмаған тың дерек.