Депутаттар Жайық өзенінің нашарлап бара жатқан экожағдайына алаңдаулы: Премьер-министр ресми жауап берді

(0 Votes)

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов пен Сергей Пономарев Премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.

Депутаттық сауалда «Көкжиде» жер асты сулары кен орнының шегінде орналасқан мұнай-газ компанияларына, сондай-ақ Жайық өзені бассейнінің экологиялық жағдайына кешенді тексеру жүргізуге қатысты мәселелер көтерілген болатын.

Үкімет басшысының депутаттар сауалына орай ресми жауабында елдің су ресурстарын ұтымды пайдалану үкіметтің басты назарында екені айтылған.

«Көкжиде» жерасты сулары кен орнының шегінде орналасқан мұнай-газ компанияларына кешенді тексеру жүргізу бойынша 2019 жылдан 2021 жылға дейін Көкжиде жер асты суларының кен орнын жете барлау жұмыстары жүргізілді, жер асты суларының тәулігіне 173,4 мың м3 көлемі расталды.

2022 жылы Ақтөбе облысының әкімдігі жер асты суларына мониторинг жүргізді. 26 көрсеткіш бойынша 124 ұңғымаға сынамаларды іріктеу және талдау жүзеге асырылды. Жер асты суларында темір және аммоний азоты бойынша көрсеткіштердің шамалы артуы анықталды, жер үсті суларында сульфаттар, магний және темір бойынша көрсеткіштердің артуы байқалады, қалған көрсеткіштер қалыпты.

Осыған байланысты Экология және табиғи ресурстар (бұдан әрі – ЭТРМ), Энергетика министрліктерінің 2022 жылғы 1 желтоқсандағы хаттамалық шешімімен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «ҚМК-Мұнай» АҚ, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «Урихтау Оперейтинг» ЖШС және «Фирма Ада ойл» ЖШС компанияларына 2023 жылға ағымдағы жылдың 1 ақпанына дейінгі мерзімде Көкжиде жер асты сулары кен орнының контурында орналасқан өндіруші мұнай-газ ұңғымаларын кезең-кезеңімен жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – жоспар) жасау және бекіту шартымен экологиялық рұқсаттар берілді.

Сонымен қатар, осы уақытқа дейін жер қойнауын пайдаланушылар жоспарларды бекіткен жоқ.

Осыған байланысты, қазіргі уақытта ЭТРМ Ақтөбе облысы прокуратурасының ұсынысы бойынша жер қойнауын пайдаланушыларға («СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «КМК Мұнай» АҚ, «Фирма Ада Ойл» ЖШС, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС және «Урихтау Оперейтинг» ЖШС) қатысты тиісті тексерулер жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша шаралар қабылданатын болады,- делінген Премьер-министр жауабында.

Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілерінің қатарына қосу бойынша да егжей-тегжейлі жауап берілген.

Үкімет басшысы атап өткеніндей, ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілерін қорғаудың ерекшеліктерінің бірі аймақтарға бөлу және аймақтар бойынша жеке су және экологиялық нормативтерді белгілеу, су объектілеріне және олардың экологиялық жүйесіне антропогендік жүктемені нормалау, сондай-ақ су объектілерінің арналары бойынша табиғатты қорғау және санитариялық-эпидемиологиялық су жіберуді міндетті түрде жүргізу болып табылады.

Жайық өзенінің бассейнінде жоғарыда аталған жағдайлардың өлшемдерін айқындау мақсатында 2021 жылдан бастап «Ірі өзендерінің бассейндерінде зерттеулер жүргізу бойынша Ресей Федерациясымен ынтымақтастықты жандандырудың бірыңғай жол картасы» (бұдан әрі – БЖК) шеңберінде тиісті іс-шараны іске асыру басталды. 2021-2022 жылдарға Жайық трансшекаралық өзендерінің бассейндерінде гидрологиялық зерттеулер жүргізу үшін 32 млн теңге бөлінді. Осы іс-шараны аяқтау үшін 2023 жылға республикалық бюджеттен 19 млн теңге сомасына қаражат көзделген.

Зерттеу қорытындысы бойынша Үкімет Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілерінің тізбесіне енгізу мәселесін қайта қарайтын болады.

Жайық өзені түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөлу бойынша былай делінген:

“Атырау облысының әкімдігі ұзындығы 295 км Орал және Қиғаш өзендерінің арналарында түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындады.

Жайық өзені бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны 6,1 млрд теңгені құрайды. (51,5 км), Қиғаш өзені бойынша – 15,0 млрд теңге. 2022 жылы ұзындығы 50 км өзендерде түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді, республикалық бюджеттен бұл қажеттіліктерге 7,0 млрд теңге бөлінді.

Ағымдағы жылы түбін тереңдету жұмыстарын жалғастыруға республикалық бюджеттен 3,0 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Бүгінгі таңда Жайық өзенінің ұзындығы 15,7 км және Қиғаш өзенінің 48,6 км түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді”.

Ресми жауапта Жайық-Каспий бассейніндегі су шаруашылығы жағдайын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шараларда қамтылған.

– БЖК шеңберінде 2021-2024 жылдарға арналған Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) әзірленді.

Қазіргі уақытта келесі жұмыс жүргізілді.

Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде «Жайық (Орал) трансшекаралық өзені бассейніндегі ағынды реттеудің салдарын экологиялық бағалау және Жайық (Орал) трансшекаралық өзенін сақтау және қалпына келтіру бойынша ғылыми-негізделген ұсыныстар әзірлеу» (бұдан әрі – ҒЗИ) тақырыбы бойынша ғылыми – зерттеу жұмысына техникалық тапсырма әзірленді.

Бүгінгі күні Ұлттық ғылыми кеңестің 2023 жылғы 14 наурыздағы шешімімен және ағымдағы жылғы 18 мамырдағы ЖҒТК хаттамасымен 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде «Қазақстан Республикасының трансшекаралық Жайық-Каспий бассейніндегі су қауіпсіздігі: тұрақты сумен қамтамасыз ету стратегиясы» жобасы мақұлданды, оған ҒЗИ іс-шаралары кірді, онда конкурсты ұйымдастырушы Ғылым және жоғары білім министрлігі болып табылады.

Бағдарламаның екінші бағытын іске асыру шеңберінде 2021 жылғы 26-30 сәуір аралығында ЭТРМ және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен ластану көздерін және бассейн экожүйесінің жай-күйіне теріс әсер ететін басқа да факторларды анықтау мақсатында Жайық өзенінің бассейніне кешенді тексеру жүргізілді.

Кешенді зерттеу қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының аумағында 4 және 5-сыныпты, Атырау облысында-1-4 – сыныпты судың сапасы (су ресурстары комитеті төрағасының бұйрығымен бекітілген су объектілеріндегі су сапасын жіктеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес) белгіленді.

Тексеру барысында атмосфералық ауаның сынамалары іріктеліп алынды, ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кету анықталған жоқ.

Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 2021-2022 жылдары Жайық өзеніне мемлекеттік және жеке балық өсіру кәсіпорындары бекіре тұқымдас балықтардың 16,6 млн дана шабақтары шығарды.

Жайық өзені бассейнінің су жинау алаңдарын орман өсіру бойынша кешенді іс-шаралар өткізу шеңберінде 2022 жылы облыстың мемлекеттік орман қорының 543,5 га алаңына 1,389 млн орман дақылдарының көшеттері отырғызылды. 2023 жылы 573,5 га алқапқа 1,439 млн көшет отырғызу жоспарлануда.

Бағдарламаның төртінші бағытын іске асыру шеңберінде 2022 жылы Ақтөбе облысында «Таза Табиғат», «Birge-Taza Qazaqstan», «Мекенім – жасыл орман», Атырау облысында «Таза Табиғат», «Birge – Taza Qazaqstan», «Таза жағалау», «Taza Picnic», «PLOGGING», Батыс Қазақстан облысында- «Таза жағалау» – «таза жағалау», «Таза орман» – «таза ормандар», «Birge-Taza Qazaqstan», «World Cleanup day», «Табиғатта қоқыс жоқ!» акциялары өткізілді.

Бұдан басқа, гидротехникалық құрылыстарды салу және реконструкциялау бойынша іс-шаралар, атап айтқанда, Казталов ауданы Ақпатер ауылы аймағында Орал-Көшім жүйесінен үлкен Өзен өзеніне бассейн аралық су жіберу үшін Киров-Чижин каналын реконструкциялау және Жалпақтал кентінің жанындағы Үлкен өзен өзенінде су қоймасын салу іске асырылуда, – делінген Үкімет басшысының жауабында.

Нұргүл Насыр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT