Былтыр өңірдегі мәдениет саласында алты мыңға жуық іс-шара өтті

Былтыр өңірдегі мәдениет саласында алты мыңға жуық іс-шара өтті
(0 Votes)

Атырау облысының мәдениеті жаңа серпін алып, шығармашылық бастамалар қарқынды дамуда. Облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы бір жыл ішінде алты мыңдай мәдени іс-шара ұйымдастырып, 940 мың көрерменді қамтыды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Басқарма басшысының орынбасары Арман Әділғалиев өнер мен мәдениетті қолдау бағытындағы халық шығармашылығын дәріптейтін фестивальдер, театр қойылымдары, көрмелер мен концерттердің жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

- Былтыр облыста мәдениет саласында көптеген маңызды іс-шара өтті. Мысалы қолөнерді дәріптейтін «ШЕБЕР – FEST 2024» фестивалі ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген шеберлер өз өнерін көрсетті. Ақын Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына орай арнайы кештер, конференциялар және эссе байқауы өтті. Сонымен қатар «Атырау – ардақты өлкем» байқауы арқылы жас әншілердің жұлдызы жанды. «Saz Perneli Saraishyq» халықаралық «Dombyra» фестивалі түркі халықтарының өнерін біріктірсе, Қаршыға Ахмедяров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрінің концерттері ұлттық өнерді дәріптеуге арналды, - деді ол.

Сонымен қатар оның айтуынша өңір мәдениетінің дамуы мен халықтың өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында алдағы уақытта да жаңа жобалар жүзеге асырылады. Онда баяншылар арасындағы «Евразия кубогі» халықаралық байқауы өткізіліп, ең үздік музыканттар анықталады. Сондай-ақ ақын Жұмекен Нәжімеденов пен актер Нұрмұхан Жантөринге арналған көркемсөз оқу байқаулары ұйымдастырылып, жастарға үлкен мүмкіндік беріледі. Халық әндері ұмыт қалмас үшін дәстүрлі әншілер сайысы өтсе, ұлттық киімдерді жаңғырту мақсатында этно-дизайнерлер байқауы жоспарланған.

- Биыл аймақ мәдениеті жаңа деңгейге көтерілуде. Биылғы жетістіктеріміз – ұлттық өнерге деген зор қолдаудың нәтижесі. Біздің мақсатымыз – дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре отырып, мәдениетті одан әрі дамыту. Алдағы жылы да өңірімізде көптеген ауқымды іс-шара ұйымдастырылып, халықаралық деңгейдегі мәдени жобалар жүзеге асырылады, - деді А. Әділғалиев.

Бұдан бөлек үкіметтік емес ұйымдармен креативті индустрияны дамыту мақсатында мемлекеттік әлеуметтік және гранттық тапсырыстар жүзеге асуда. Биыл мемлекеттік гранттық тапсырыс аясында әлеуметтік маңызы бар 12 креативті жобаны жарыққа шығару жоспарланды.

Анықтама үшін: Атырау облысында креативті жобаларды жүзеге асыруға бағытталған үш заманауи креативті орталық жұмыс істеп тұр. Олар: Infinity Ecopark базасында ашылған «YEMAA» заманауи мәдениет орталығы, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті ғимаратында орналасқан Маруся Асаубаева атындағы креатив орталығы және «Atyrau Hub» IT орталығы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT