«Болашақ К» қоғамдық қорының меценатына Атырау облысы әкімінің Алғыс хаты табысталды

(0 Votes)

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев меценат Эндрю Джон Арчибальдты қабылдады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Алдымен Жасұлан Бисембиев өзге елден келіп, елімізде ерекше көмекті қажет ететін балаларға жасырын түрде қолғабыс етіп жүрген Эндрю Джон Арчибальдқа ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта қажеттілік туындаса, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Кейін Жасұлан Бисембиев облыс әкімі Серік Шәпкеновтің Алғыс хатын табыс етті.

- Қоғам өміріне бейжай қарамай, азаматтық белсенділік танытып, қайырымдылық пен адамгершілікті биік ұстап, жақсы істе ынталы жандардың қатарынан көрініп, жақсылық жасау жолында мейірімділік үлгісін көрсеткен игі істеріңіз үшін алғыс білдіремін. Сізге және өзіңіз басқарып отырған ұжымға еңбек жолында толағай табыс, деніңізге саулық, қажымас қайрат, отбасыңызға амандық тілеймін,-делінген Алғыс хатта.

Өз кезегінде Эндрю Джон Арчибальт еңбегін ескерусіз қалдырмаған аймақ басшысы Серік Шәпкеновке, оның орынбасары Жасұлан Бисембиевке алғысын білдірді. Сондай-ақ, көрсетіп жүрген қайырымдылық істері мұнымен шектелмейтінін айтты.

Эндрю Джон Арчибальт 2014 жылдан бері «Болашақ К» қоғамдық қорының мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы жобасына тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Сонымен қатар, аталған орталықтың ғимаратының ашылуына өз үлесін қосуда.

Сол қайырымдылық көмектің арқасында ерекше қажеттіліктері бар балалар мен инсульттен кейін науқастарға сапалы медициналық оңалтуға көмек көрсетіліп, мыңдаған бала дертінен айығып, қоғамға бейімделді. Сонымен қатар, меценат алып берген оттегі құрылғылары пандемия кезінде және ковидке шалдыққан науқастарды оңалту үшін үлкен септігін тигізді.

«Болашақ К» қоғамдық қоры 2000 жылдан бері Атырау облысының әлеуметтік саласына, соның ішінде халықтың денсаулығын жақсарту ісіне үлес қосып келеді. Қор жанында реабилитациялық орталық жұмыс істейді. 23 жылда 430 560 науқас балаға көмек көрсетілді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT