Болашағы зор инвест-жобалар

Болашағы зор инвест-жобалар
(0 Votes)

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ ТОҚАЕВ ПРОКУРАТУРА ОРГАНДА­РЫНА ИНВЕСТОРЛАРДЫ СҮЙЕМЕЛДЕУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУДЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІ ТАПСЫРҒАН БОЛАТЫН. АТАЛҒАН ТАПСЫР­МАНЫ ОРЫНДАУ АЯСЫНДА АУДАН ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН, ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАНДАРДЫҢ БАСШЫЛАРЫНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ҚАДАҒАЛАУ АУМАҒЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖО­БАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУ­ШЫ «ATYRAU CHICKEN» ЖШС, «AIDANA AGRO» ЖШС ЖӘНЕ «А-ДАНА» ШҚ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСІП, ҚҰРЫЛЫС БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ.

Кездесуге аудан әкімі, аудандық полиция және төтенше жағдайлар бөлімдерінің, санитариялық- эпидемиологиялық бақылау және мемлекеттік кірістер басқармаларының, ветеринариялық станса басшылары қатысып, тиісті са­лалары объектілерге қойылатын та­лаптар бойынша түсінік жұмыстарын жүргізіп, ақпарат алмасты.

Өткен жылы су тасқынының зар­дабын тартқандардың қатарында Бейбарыс ауылында орналасқан «Aidana Agro» жылыжай кешені де бар. Қожалықтың жетекшісі – За­уре Құбиеваның сөзінше, көктемгі өр суынан қорғану жұмыстарына кірісіп кеткен.

– Осыдан екі жыл бұрын жалпы алаңы 5,6 гектар болатын жылыжай кешенінің құрылысын бастадық. Жылыжайдың жоспарланған қуаты жылына 1 323 тонна көкөніс, ал жоба құны 8 миллиард теңгеге бағаланды. Кешен іске қосылғанда 60 жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Жоспар бойынша жы­лыжайдан шығатын дайын өнімнің жылдық көлемі 3 500 тонна болады. Алайда былтырғы су тасқынының салдарынан кәсіпорынның инже- нерлік инфрақұрылымы, соның ішінде сорғы станциясы зардап шекті. Осы ақауды қалпына келтіріп, қазіргі таңда судан қорғау бөгеттерін соғып жатырмыз. Жалпы жобамыз­ды осы жылы іске қосу жоспарда бар,- дейді З.Құбиева.

Айта кетейік, «Aidana Agro» ШҚ өңірде ауыл шаруашылығын дамы­туда, заманауи технологияларды енгізуде және өндірістік қуаттарды кеңейтуде белсенді жұмыс істеп келеді.

Бейбарыс ауылындағы тағы бір ірі инвест-жоба – «Atyrau Chicken» ЖШС жабық өндіріс циклі бар тауық етін өндіретін құс фабрикасы. Жы­лына 2 626 тоннадан 5 000 тоннаға дейін құс етін өндіру қуаттылығына ие.

Атырау облысын тауық етімен қамтамасыз етуді мақсат еткен фабриканың ауқымы кең. Бүгінде бройлер цехы инкубаторының жабдықтарын монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Инкуба­торды іске қосқаннан кейін жұмыс басталады деп айтуға болады. І кезең бойынша 4 құс үйі, комбикорм за­уыты толық жарақталып, дайын тұр. Құс фабрикасын іске қосудың І кезеңі 2025 жылдың мамыры болса, бірінші тауарлы өнімді алу маусым айына жоспарланған. ІІ кезеңді іске қосу шілде айында жүзеге асады,- дейді құс фабрикасының директоры Ербол Қалдығұлов.

Сонымен қатар «А-Дана» ШҚ тау­арлы балық өндірісі мен шабақтарды өсіру фермасының құрылысымен де танысты. Жобаның қуаттылығы – жылына 130 тонна тауарлы балық не­месе 15 миллион бекіре балығының шабағы. Алайда 2024 жылдың ма­мыр айында ферма аумағы толықтай тасқын суға толып, нысанға жойқын зардап әкелді. Жоба инициаторының өтініші бойынша 2024 жылдың 14 тамызындағы директорлар кеңесінің шешімімен берілген несиелерге негізгі қарыз бен сыйақыны төлеу мерзімі 2025 жылдың тамызына дейін ұзартылды.

– Былтыр мамырда іске қосылу қажет болған бұл ферманың ресми ашылуын биыл наурыз айының аяғына жоспарлап отыр­мыз. Былтыр суға кеткен техника, жабдықтарымыз үшін шығынның өтемін ала алмай жүрміз. Ғимарат суға кеткеннен кейін қайтадан іргетасын құйып, жаңғырту керек болды. ЖСҚ-сын жасатып, сарап­тамадан өткізгенше біраз уақыт өтіп кетті. Техникалық паспортын тезірек алсақ, сіздерден тендерге қатысуымызға көмектесулеріңізді сұраймыз,- деді «А-Дана» ШҚ дирек­торы Мұса Сейтімов.

Өз кезегінде инвесторлар мемлекеттік органдардың басшы­ларына құқықтық көмек көрсетіп, сүйемелдеу жасағандары үшін ризашылығын білдіріп, рұқсат құжаттарын рәсімдеу бойынша сұрақтарына толыққанды жауап алды. Кездесу соңында инвесторлар­ды қолдауды одан әрі жүйелі түрде жалғастыру үшін қажетті мәліметтер табысталып, жобалардың түпкілікті іске қосылғанына дейін құқықтық көмек көрсетуді жалғастыру жөнінде шешім қабылданды.

Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT