АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі айтарлықтай алға қадам басты. Трансформацияның негізгі тетіктерінің бірі – колледждерге кәсіпорындардың шефтік қолдау көрсетуі болды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті.
Егер өткен жылы колледждер мен бизнес арасындағы келісімдер саны 498 болса, бүгінде ол 4,1 мыңнан асты, яғни 8 есеге өсті. Бұл серіктестікке ірі, шағын бизнес өкілдері белсенді қатысып отыр.
Шефтік қолдаудың көмегімен колледждердің материалдық-техникалық базасы мен білім беру бағдарламалары сұранысқа сай жаңартылып, студенттер мен оқытушыларға арналған тағылымдамалар ұйымдастырылды.
— Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде бизнеспен әріптестік белсенді түрде нығайып келеді. Жұмыс берушілер 8 мыңнан астам білім беру бағдарламасын әзірлеуге қатысты, сонымен қатар оқу кабинеттері мен зертханалар жаңартылуда, — деп атап өтті департамент директоры Әсет Мұханбетов.
Айта кету керек, бүгінде 100 мыңнан астам студент дуальды жүйемен оқиды, 40 мыңнан астамы кәсіпорындардың тапсырысы бойынша білім алуда, оның ішінде 15 мыңы биылғы оқу жылында қабылданған.
Тиімділіктің негізгі көрсеткіштерінің бірі — түлектердің жұмысқа орналасу деңгейінің артуы. 2024 жылы колледж түлектерінің жұмыспен қамтылу көрсеткіші 81%-ға жетті.
Бұған дейін хабарланғандай, Маңғыстауда «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында 850 бос жұмыс орындары ұсынылды.