Әлеуметтік көмек әділ бөлінуге тиіс

Әлеуметтік көмек әділ бөлінуге тиіс
Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
(0 Votes)

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында әлеуметтік қызметтер мен жеңілдіктерге қатысты мәселелерді ашық айтты. Президент бұл мәселені бұрынырақта да бірнеше мәрте көтеріп, соның нәтижесінде әлеуметтік қолдау механизмдері ішінара қайта қаралған еді. 2023 жылғы 20 сәуірде Әлеуметтік кодекс қабылданды. Қолданыстағы заңнаманың барлық нормасы бір құжатқа топтастырылды, жұмыс бірізділенді.

Мемлекет басшысы: «Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үдеріске тосқауыл қоюымыз керек. Әлеуметтік салаға  айрықша назар аударған жөн. Яғни бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беру керек», деген еді.

Әлеуметтік кодекс отандастарға мемлекеттің қолдау шараларын оңай түсінуге мүмкіндік береді. Өйткені құжатта туғаннан кәмелетке толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабі­летті жастағыларды жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтан­дыру іс-шаралары, өмірлік қиын жағ­дай туындаған кездегі әлеуметтік көмек, басқа да қолдаулар қамтылған. Осы Әлеу­меттік кодекс аясында «Отбасы­ның цифрлық картасы» енгізілді. Бұл – отбасылардың дербес дерекқоры.

Жүйе халықтың мем­лекеттік қолдауға теңдей қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Мемлекет бұдан былай кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алады. Цифрлық карта арқылы кез келген отбасы әлеуметтік мәртебесін нақтылап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екенін біліп отырады. Әрі осындай ақпараттар елдегі барлық отбасына SMS-хабарлама түрінде жетеді. Ел азаматтарына әлеуметтік көмек ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде тағайындалған соң, қандай да бір заңсыздыққа жол берілмейді. Әлеуметтік қолдау жүйесін трансформациялау әлі де жалғасып жатыр. Оның барысын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин айтып берді.

«Біз мемлекеттік қолдау шараларын бөлудің категориялық қағидасынан мұқтаждықтың айқын, объективті критерийлеріне көшеміз. Көмек көрсету кезінде табыс пен мүлік қана ескерілмейді, тәуекел салдары назарда болады. Яғни отбасында нақты неше адам жұмыс істейді, оның ішінде нешеуі экономикалық тұрғыдан белсенді емес деген секілді ақпараттар ескеріледі. Сондай-ақ жалған кірістер, пәтер жалдау немесе бейресми жұмыспен айналысудан түскен табыстарды да анықтай­мыз. Сонымен қатар республикалық бюджеттен кепілдендірілген төлемдер сақталады. Зейнетақылар, көпбалаға арналған жәрдемақылар, бала туғандағы жәрдемақы, бала күтімі бойынша 1,5 жасқа дейінгі жәрдемақы, мүгедек­тігі, асыраушысынан айрылуы бойынша жәрдемақылар, басқа да төлем­дер толық көлемде сақталады», деді О.Анафин.

Вице-министр атап өткен мемлекет­тік кепілдіктер өзгеріссіз қалғанымен, жүйедегі әділеттілік аспектілері әлі күшейеді. Жаңа тұрмыстық қажеттілік деңгейін анықтау үшін скорингтік модель енгізіледі. Бұл модель қажеттілікті нақты критерийлер арқылы анықтауға мүмкіндік береді. Қосымша қолдау алуға өтініш берген отбасылар алты санат­қа бөлінеді. Яғни аса қажеттіліктен (тамақ­қа қаражат жетпейтін) бастап, жоға­ры тұрмыстық жағдайға (материал­дық қиындықтары жоқ) дейін. Қазірде Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында Бірыңғай цифрлық платформаны пайдалана отырып, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, тұрғын үй қатынастары, дене шынықтыру салаларында кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қанатқақты жоба іске асып жатыр. Жоба қолданыстағы шаралардың бытыраңқылығы мен қайталануының алдын алады. Тиімсіз төлемдерді азайтып, шын мәнінде мұқтаж азаматтарды мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етеді.

«Биыл бірінші жартыжылдықта екі жаңа қызмет автоматтандырыл­ды. Біріншісі – ересек, әрекеті шек­теу­лі азаматтарға қадағалау немесе қам­қоршылық орнату. Екіншісі – осы аза­маттардың мүлкін, төлемдерін бас­қа­руға рұқсат беру. Әзірге мұн­дай қыз­меттердің саны шамамен 1,4 мың­ға жуық. Сондай-ақ eGov mobile қо­сымшасында «Қамқоршылық орнату туралы мәлімет» жаңа цифрлық құ­жа­ты пайда болды. Жалпы, бұл қосым­ша арқылы әлеуметтік-еңбек сала­cын­да­ғы 35 қызмет пен 8 цифрлық құжат қол­жетімді», деді О.Анафин.

Адам құқы сақталатын қоғамда өмір сүріп жатқан соң, кім-кімнің болса да пікірі, шешімі маңызды. Мүгедектігі бар азаматтардың төлемін басқаруға мүмкіндік беру құқықтық, ашық мемлекеттің қағидатына сай келеді. Бүгінде мүгедектігі бойынша та­ға­йындалатын мемлекеттік әлеуметтік жәр­демақыны 542,8 мың адам алады. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 184,7 мың адамға көмек тиеді. Мүгедектігі барларға тағайындалатын жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобына, себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекет­тік әлеуметтік жәрдемақылардың мөл­шері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне, ең төмен күн­көріс деңгейіне қарай нақтыланады. Тамызға дейін 95,7 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем алса, 65,4 мыңға жуық от­басына асыраушысынан айырылуына байланысты төлем түскен. Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеу­меттік жәрдемақылардың мөл­шері биыл қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 6,5% өскен. Сәйкесінше, Үкімет шешімі бо­йынша еңбекке қабі­леттілігін жоғал­ту, асыраушысынан айырылу бойын­ша МӘСҚ-дан төленетін төлемдердің мөлшері де 6,5% артып отыр. Мысалы, биыл мүге­дек­тігі бойынша жәрдемақы І топ үшін – 101 702 теңге, ІІ топ үшін – 81 362 теңге, ІІІ топ үшін 55 474 теңгені құ­ра­­ған. Тамыздағы мәліметке сүйенсек, еңбек­­ке қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөл­шері – 71 082 теңге, асыраушысынан айырылу бойынша – 73 378 теңге.

Зейнетақы төлеуге жыл басынан бері республикалық бюджеттен 2 трлн 451,4 млрд теңге жұмсалған. Оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге 793 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыға 1 трлн 658,4 млрд теңге қарастырыл­ған. Қазір елімізде 2 млн 497 мың зейнеткер тұрады. Оларға рес­пуб­ликалық бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері – 143 097 теңге. Мұндағы ынтымақты зейнетақы мөлшері – 95 491 теңге, базалық зейнетақы – 47 606 теңге. Қаңтардан бастап базалық зейнетақы төлемінің мөлшері Ұлттық банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға оза отырып ұлғайтылған. Осыған қоса, Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақы ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ең жоғары – 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен өсіп отырады. Жұмысшыларға міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты, толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Елімізде айрықша еңбегі үшін немесе төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға қосымша әлеуметтік көмек ретінде республикалық бюджеттен ай сайын арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Мемлекеттік қолдаудың осы түрі елімізде 1999 жылы енгізілген. Қазір төлемді 208 668 адам алады, жыл басынан бері осы мақсатқа 15,7 млрд теңге жұмсалған. Бұдан бөлек, көпбалалы отбасылар мен наградталған аналарға берілетін жәрдемақы, жұмысынан айырылуына байланысты төленетін әлеуметтік төлемдер бар. Бүгінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қо­рынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алғандар­дың саны 244,3 мың адамды құрайды. Төлемдердің жалпы сомасы – 73,2 млрд теңге шамасында. Осыған қоса, атаулы әлеуметтік көмек алатындар бар. Бұл көмек жыл басынан бері 48,3 мың отбасындағы 259,7 мың адамға тиген. Бөлінген қаражаттың жалпы сомасы – 18,6 млрд теңге. Биыл осы мақсаттар­ға бюджеттен 110,7 млрд теңге қарал­ған. Атаулы әлеуметтік көмектің арқасын­­да осы күнге дейін талай отбасы мемле­кеттен қаржылай көмек алды, жұмыс­пен қамту шараларына тартылып, қиын жағдайдан шықты.

Өкінішке қарай, көмекке зәру отбасыларды тура осындай тәртіппен түгел анықтап, жарылқау мүмкін емес. Бұл ретте Мемлекет басшысы халыққа Жол­дауында әлеуметтік тұрғыдан осал топта­ғы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік тө­лем­дерді біріздендіру керегін айтты.

«Мемлекеттің көз алдындағыдан басқа­ны көрмей, бәріне көне беретін әлеу­меттік саясаты жүзден астам түр­лі жеңіл­діктің пайда болуына әкеп соқ­тырды. Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жылпос­тар да көбейді. Мемлекет өзінің негізгі міндеттерін орындаудан бас тартпайды. Бірақ әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту – елді дамы­туға, яғни мектеп, аурухана, көлік инф­ра­құрылымдарын және басқа да нысан­дар салуға жұмсалуы қажет қыруар қара­жатты желге шашу деген сөз», деді Президент.

Бұдан түйетініміз, мемлекеттен қа­рал­ған әлеуметтік қолдау саласында әлі де болса қордаланған мәселе көп. Сол тұрғыда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кемшіліктерді жою бағытында батыл шешімдер қабылдағаны жөн

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT