Бейбіт жиын және пикет өткізу тәртібі қандай?

фото: https://kaz.tengrinews.kz/
(0 Votes)

Мемлекет басшысы Бас прокуратураның басшылық құрамымен өткен кеңесте митинг өткізгісі келетін азаматтар бейбіт жиын ұйымдастыруға қатысты жаңа заңға бағынуға міндетті екенін айтты. 

Бейбіт жиналыстарды өткізу тәртібі қандай?

1. Бейбіт жиналыс деген не? Бейбіт жиналыс – күш және қару қолданылмайтын, мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқығы мен бостандығын қорғау мүдделеріне қатер төндірмейтін іс-шара. Оған жиналыс, митинг, демонстрация, шеру мен пикеттеу жатады. Бейбіт жиынды кәмелетке толған азамат немесе азаматтар тобы, ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген заңды тұлға ұйымдастыра алады. Ал ел тұрғындарына өз еркімен қатысуына болады.

2. Бейбіт шеру өткізуге мемлекеттен рұқсат керек пе? Мемлекеттен арнайы рұқсат алудың қажеті жоқ. Бірақ жиын ұйымдастырушы жергілікті органға белгілі бір уақыт пен орында бейбіт жиын өтетінін 5 жұмыс күн бұрын хабарлауға міндетті. Хабарламаны қағаз жеткізгіш немесе цифрлы қолтаңба арқылы куәландырылған электрон құжат ретінде беру керек.

3. Хабарламаға қанша уақытта жауап қайтарады? Жергілікті атқарушы орган хабарлама тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға өз шешімі туралы хабарлауы қажет. Орган келісуі, бас тартуы немесе өзгеріс енгізуі мүмкін. Жауапты қолма-қол, пошта, ЭЦҚ-мен куәландырылған электрон құжатпен, электрон пошта немесе ұялы байланыс нөмері арқылы жеткізеді. Хабарламаны қарау мерзімі өткен соң жергілікті атқарушы органның жауабы болмаса, ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес бейбіт жиналыс өткізеді.

4. Жергілікті орган қандай жағдайда бейбіт жиналыс өткізуге рұқсат бермеуі мүмкін? Жергілікті орган мынадай жағдайларда бейбіт жиын өткізуге келіспейтінін хабарлайды.

- сот әрекетке қабілетсіз немесе қабілеті шектеулі деп таныған адам ұйымдастырушы болса;

- сот үкімімен жазасын өтеу кезеңінде түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу, қамаққа алу, бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған Қазақстан Республикасының азаматы ұйымдастырушы болса;

- шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдік заңды тұлғалар жүзеге асырса;

- жиналыс, пикет ұйымдастырудағы мақсат Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзу, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты қоздыру, Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің басқа да ережелерін бұзу болса;

- мемлекеттік қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіптің бұзылуына, денсаулық сақтауға, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына қатер төнсе; ұйымдастырушы бейбіт жиналыс өткізу туралы хабарлама немесе келісуді алу туралы өтініш мерзімін бұзса;

- хабарлама ұйымдастырушы немесе оның өкілі туралы ақпарат толық болмаса және қолтаңбасы қойылмаса;

- жиналыс өткізу үшін қажет құжаттар мен деректер ҚР нормативтік құқықтық актісіндегі талаптарға сай келмесе;

- бейбіт жиынды терроризм мен экстремизді қаржыландырумен байланысы бар тұлға немесе ұйым, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар қаржыландырса;

- қатысушылардың болжалды саны өткізу орындарының шекті толу нормасынан асып кетсе; бейбіт жиын белгіленген күні басқа мәдени іс-шара, жиналыс өтіп жатса бас тартады.

5. Бейбіт жиынды кез келген жерде өткізуге бола ма? Бейбіт жиналыстар (пикеттеуден басқа) арнайы орындарда ғана өтеді. Басқа жерлерде ұйымдастыруға тыйым салынады. Республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстардың әкімшілік орталықтары болып саналатын аудандарының орталығында пикеттеу, жиналыстар немесе митингілер ұйымдастыру және өткізуге арналған кемінде 3 арнайы орын болуы керек.

6. Қай уақытта өткізу керек? Бейбіт жиналысты белгіленген күні жергілікті уақыт бойынша 9.00-20.00 аралығы арнайы орында ұйымдастыру керек. Одан ерте бастауға немесе кеш аяқтауға болмайды.

7. Ал пикеттеуді қайда өткізуге болмайды? Пикеттеуді төмендегі орындарда өткізуге болмайды:

- жерлеу орындарында;

- теміржол, су, әуе және көлік объектілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда;

- мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарға іргелес жатқан аумақтарда;

- Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының резиденцияларына іргелес жатқан аумақтарда;

- қауіпті өндірістік объектілерге және арнайы қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтауды талап ететін өзге де объектілерге іргелес жатқан аумақтарда;

- магистральдық теміржол желілерінде, магистральдық құбыржолдарда, ұлттық электр желісінде, магистральдық байланыс желілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда тыйым салынады.

8. Жиын өткізгісі келетіндердің құқығы қандай? Қатысушылар пікірін еркін білдіруге құқылы. Сонымен бірге жиын кезінде шешімдерді талқылауға, қабылдауға, ұжым әрекеттеріне қатысуға мүмкіндігі бар.

Ұйымдастырушыдан немесе жергілікті атқарушы органнан бейбіт жиын өткізу жөнінде қолданылып жатқан шараға қатысты ақпарат ала алады. Заң бойынша жиын кезінде дыбыс деңгейі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келетін дыбыс күшейткіш техника құралын, плакат, транспарант және өзге де көрнекі үгіттеу құралдарын, көлік қолдануына болады.

Сонымен бірге видеоға, суретке түсіруге рұқсат. Қатысушы бейбіт жиын кезінде медицина көмегіне, бейбіт жиналыс өткізу орнынан қауіпсіз эвакуациялау көмегіне жүгіне алады. Ұйымдастырушылар азаматтардың талаптары мен өтініштері бойынша қол жинауға, жиынды тоқтата тұруға немесе одан бас тартуға құқылы.

Ескеретін жайт, ол міндетті түрде ұйымдастырушы екенін растайтын белгісін тағып жүруі керек.

Мақат аудандық прокуратура

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT