Бейбіт жиын өткізудің өз тәртібі бар

(0 Votes)

Митингілерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі 25.05.2020 жылғы «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа Заң (бұдан әрі – Заң) бойынша реттеледі.

Атап айтқанда, жиналыстар, митингілер мен пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі көзделген. Оларды өткізу туралы хабарлама белгіленген күнге дейін 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей жергілікті атқарушы органға жазбаша нысанда беріледі. Онда бейбіт жиналыстың мақсаты мен нысаны, ұйымдастырушылар мен қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты адамдардың деректері көрсетілуі тиіс (Заңның 10-бабы). Осы хабарламаны жергілікті атқарушы орган оны тіркеген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қарауға тиіс (Заңның 11-бабы). Осы 3 күн өткеннен кейін жауап болмаған жағдайда ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес бейбіт жиналыс өткізуге құқылы.

Демонстрациялар мен шерулер келісу тәртібімен өткізіледі. Бұл үшін ұйымдастырушы олар өткізілетін күнге дейін 10 жұмыс күні бұрын өтініш беруге міндетті, ол бойынша жергілікті атқарушы орган 7 жұмыс күні ішінде жауап беруге тиісті (Заңның 12, 13-баптары).

Ұйымдастырушы өтініште қатысушылардың жүру бағытын, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтауды, медициналық көмекті ұйымдастыруды, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу шараларын көрсетеді (Заңның 12-бабы). Өтінішті қарау қорытындылары бойынша жергілікті атқарушы орган ұйымдастырушыға демонстрация немесе шеру өткізуге келісілгені, не оны өткізуден бас тартқаны туралы хабарлауы керек (Заңның 13-бабы).

Заң бойынша бейбіт жиналыстар қатаң түрде арнайы жерлерде және қалалық және аудандық мәслихаттар белгілеген маршрут бойынша ұйымдастырылуы және өткізілуі міндетті.

Сонымен қатар, қызметі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен тоқтатыла тұрған немесе тыйым салынған ұйым бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы бола алмайды (Заңның 5-бабы 6-бөлігінің 4-тармағы).

Сондай-ақ бейбіт жиналыстарды жаңа белгіленген заң тәртібін бұза отырып, ұйымдастырып қатысқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 488-бабы бойынша жауаптылық ретінде 15 тәулікке қамауға алу шарасы көзделген.

Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіруімен қатар жүретін болса, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды, ол айыппұл не 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамау түріндегі жазаны көздейді.

Бұдан басқа, коронавирус инфекция ауруларының алдын алуға байланысты Атырау облысы  Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 15.07.2021 жылғы  №15,18 «Атырау облысының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруларының алдын алу жөніндегі карантиндік шараларды күшейту туралы» Қаулыларымен белгіленген адамдар көп жиналатын іс-шараларды өткізуге әлі де тыйым салынатынын еске саламыз.

Оны сақтамағаны үшін әкімшілік (ӘҚБтК – нің 425-бабы – Халықтың санитариялық – эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын бұзу – 30-дан 230 АЕК-ке дейін айыппұл) және қылмыстық (ҚК-нің 304-бабы-абайсызда жаппай ауруға, жұқтыруға, адамның өліміне әкеп соққан санитариялық қағидаларды бұзу – 2 мың АЕК мөлшеріндегі айыппұлдан бастап 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін) жауапкершілік көзделген.

Аудан прокуратурасы азаматтарды қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырады.

 

А.АЙТҚАЛИЕВ,

аудан прокурорының

міндетін атқарушы

Сурет: ашық дереккөз

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521