Жел және күн энергиясымен салыстырғанда атом электр энергиясын өндіру мәселесі жиі көтеріліп отыр. Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттігінің мәліметі бойынша 2050 жылға қарай барлық елдің АЭС-інен өндірілетін электр энергиясы 792 ГВт дейін 2 есеге өсетіні болжанып отыр. Елімізде АЭС салуға екі жер таңдалып тұр. Бірінші АЭС қосылғаннан кейін екіншісі қарастырылатыны белгілі. Алдымен біріншісінің өзіне қомақты қаражат қажет.
Кеңес үкіметі кезінде қазір АЭС салынады деп күтіліп отырған жерге ГЭС салынады делінген. Одан кейін Оңтүстік Корея елімен бірігіп, АЭС салуды көздеген.
Бұл қаражат мәселесі туындаған соң тоқтап қалған. Қазіргі таңда ол жердің алаңы дайын тұр. Еліміздің өнеркәсібі энергияны кең көлемде қолданады. Айталық, чиптер шығаратын, соңғы технологияларды пайдаланатын өндірістерде интеллектуалды бағдарламалар дамытылса, бізде көбінесе мұнайды өңдеу, металдың құймасын алу, мұның бәрі энергияны талап етеді.
Егер қоғам АЭС салуды қолдаса, бірнешеуі салынады деп есептеймін. Біз Жер деген ғаламшарда тұрып жатқандықтан бұл мәселелер әр елдің жеке шаруасы болып есептелмейді.
Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттігінің (МАГАТЭ) құрамына 170 ел мүше. Агенттік бұл елдердің қай-қайсысының да рұқсатынсыз жылына екі рет АЭС-тің қауіпсіздігін, экологиялық тазалығын тексере алады. Егер қандай да бір келеңсіз жағдай болатын болса, АЭС-тің жұмысын тоқтата алады.
Ардақ АМАНҚОСОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры