Павлодар облысына қарасты Баянауыл ауылының 59 жастағы тұрғыны таңертең өзін нашар сезініп, қатты басы ауырып, құсу және есінен тану белгілері байқалған. Туыстары дереу жедел жәрдем шақырды. Шақыртылған жедел медициналық көмек бригадасы оның қан қысымының тым жоғары екенін анықтады. Пациент жағдайының ауырлығына байланысты ол санитариялық авиация арқылы шұғыл түрде Кардиоорталықтың қабылдау бөліміне жеткізілді.
Ауруханада мидың КТ жүргізіліп, субарахноидалді қан құйылғаны және мидың маңдай бөлігі аймағында үлкен аралық гематоманың пайда болғаны анықталды. Жедел түрде нейрохирургтің кеңесімен 3D реконструкциясы бар ангиография жасау туралы шешім қабылданды.
Зерттеу кезінде алдыңғы біріктіруші артерияда кең негізді, екі қосымша дивертикулы бар жарылған қапшық тәрізді аневризма анықталды. Аневризманың күмбезі ішкі медиалды бағытта орналасқан. Сонымен қатар, екі ішкі ұйқы артериясында иіліс (кинкинг) байқалды, алайда алдыңғы біріктіруші артерия қалыпты жұмыс істеп тұрды.
Өмірлік көрсетілімдері бойынша рентгенэндоваскулярлық операция жасалды – аневризма арнайы микрокатушкалармен (микроспиралдармен) толық эмболизацияланды. Операция сәтті өтті, аневризманың бүкіл қуысы сенімді түрде жабылды.
Пациенттің жағдайы ауыр күйде қалып, 9 күн бойы реанимация бөлімшесінде қарқынды ем алды. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін ол әрі қарай ем қабылдау үшін неврология бөлімшесіне ауыстырылып, кейін денсаулығы жақсарған күйде үйіне шығарылды.
Осындай патологиялар кезінде өлім деңгейі, әсіресе аурудың жіті және ерте кезеңдерінде 50%-ға дейін жетеді. Алайда жедел жәрдем бригадасының уақтылы әрекеті, санитариялық авиациямен жедел жеткізу және Кардиоорталық мамандарының кәсіби жұмысы пациенттің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Пациентке көрсетілген барлық медициналық көмек әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің шеңберінде тегін көрсетілді.