7 мамыр – Отан қорғаушы күніне орай Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында салтанатты шара өтті.Мерекелік жиынға қала тұрғындары мен қонақтар қатысты.
Іс-шара барысында Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылу тарихы мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызы ерекше атап өтілді. Кеш аясында патриоттық рухты көтеретін концерттік бағдарлама ұсынылып, көрермендер назарына әсерлі әндер мен би композициялары тарту етілді.
Сонымен қатар, қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруді тікелей эфир арқылы тамашалады.
Президент бұл мейрамның халқымыздың жауынгерлік рухының символы екенін атап өтіп: «Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Бейбіт күнді күзеткен сарбаздарға құрмет көрсетеміз. Ардагерлердің ерлігі – ұрпаққа үлгі, мәңгі ұмытылмайды» деді.
Жеңістің 80 жылдығына арналған бұл әскери парад майдангерлердің ерлігіне тағзым етіп, Тәуелсіз Қазақстан армиясының бүгінгі қуатын паш етті. Салтанатты сап түзеген шеруге еліміздің Қарулы Күштерінің барлық түрінен 4 мыңнан аса әскери қызметкер қатысты. 200-ден астам әскери техника мен қару-жарақ, 66 әскери ұшақ пен тікұшақ көрсетілді. Алғаш рет «Бук», «Тор» зениттік-ракета кешендері, «Барыс», «Алан», «Айбар», «Таймас» ұрыс машиналары, арнайы роботты жүйелер мен ұшқышсыз аппараттар таныстырылды.
Шара соңында ұйымдастырушылар ел қорғаны – әскери қызметкерлерге алғыс білдіріп, барша қауымға бейбіт өмір мен тұғырлы тәуелсіздік тіледі.
Ақтілек Базарбаева