Қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілер тарапынан жол қозғалысы ережесін бұзу фактілерін болдырмау мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
«Басты мақсат - жаяу жүргіншілер қатысуымен болатын жол апаттарының алдын алу», - дейді қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Ерлан Бигамбаев.
Талдау көрсеткендей, жол-көлік оқиғаларына жаяу жүргіншілердің де қатысы болып жатады.
Кеше, 2 маусым күні патрульдік полицейлер облыс орталығындағы көшелерде арнайы белгі жоқ жерлерден өтіп кетпекші болған жаяу жүргіншілерге жақын маңдағы көше қиылысынан, «жаяу жүргінші өткелі» деген жол белгі орнатылған өткелдерден ғана өту керектігін ескертті.
Жалпы жыл басталғалы Атырауда полицейлер ҚР ӘҚБтК-нің 615 бабымен (Жаяу жүргіншінің жолда жүру ережесін бұзуы) 2000-нан астам әкімшілік хаттама толтырды. 400 -не жуық көлік жүргізушілері ҚР ӘҚБтК-нің 600 бабымен (жаяу жүргіншіге жол бермеу) жауапкершілікке тартылып, олардың әрқайсысы 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төледі.
Атырау полиция департаментінің баспасөз қызметі
Сурет: ашық дереккөз