Қазір біз кез келген нәрсенің салдарымен күресіп отырмыз, ал оның негізгі себептеріне назар аударылмай келеді. Мәселен, Ақжайық мемлекеттік табиғи резерваты Экология министрлігінің қарамағында тұр. Бұл дұрыс емес. Оны жергілікті атқарушы биліктің қарауына беру керек. Неге? Өйткені қазіргі кезде резерватқа қажетті техника жоқ, ал министрлікте оған қаржы бөлінбейді.
Мысал ретінде өрт сөндіруге арналған шынжыр табанды арнайы техникалар жетіспейді. Облыс әкімдігі өрт шыққанда әр ауданнан, әр мекемеден техника жинауға мәжбүр болады. Бұл – жүйелі шешімді қажет ететін мәселе. Мұны Премьер-министр деңгейінде шешу керек. Облыс әкімдері де, депутаттар да бірнеше рет жазбаша түрде министрлікке жүгінді.
«Ақжайық» резерваты Экология министрлігінің балансында болғандықтан, жергілікті билік ол мекемеге тікелей әсер ете алмайды. Яғни, резерват басшысын ауыстыру, тәртіп орнату сияқты шешімдер әкімнің құзыретінде емес. Ал халықтың сұранысы жергілікті билікке бағытталады. Бірақ ол биліктің қолында нақты тетік жоқ.
Тағы бір мәселе – Теңіз суының тартылуына байланысты бұл аймақ қазір батпақты жерге айналған. Мұндай жағдайда өрт сөндіру тіпті қиын. Қазіргі қолда бар техникалар ол жерде жұмыс істей алмайды.
Біздің ұсынысымыз – резерватты жергілікті атқарушы билікке беру. Сол кезде облыс әкімдігі оның техникалық базасын нығайта алады, кадр мәселесін шешеді, қажет болса қаржы бөледі, басшылыққа талап қоя алады. Сонда ғана нақты жауапкершілік болады, нақты әрекет жасалады. Қазіргідей жағдайда ешкім толық жауап бере алмай отыр.
Бұл мәселе былтырдан бері бірнеше рет көтерілді. Депутаттар да, қоғам өкілдері де министрлікке жазбаша түрде ұсыныс жолдады. Бірақ Экология министрлігі резерватты беруге келіспей отыр. Нақты себептерін де айтпайды.
Нұрлан ҚАЙРДЕНОВ,
Атырау облыстық мәслихатының депутаты