2002 жылдың 20 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 23 маусымды БҰҰ-ның мемлекеттік қызметшісі күні деп жариялау қарарын қабылдап, оған мүше әр мемлекетті де осыған байланысты бір күнді белгілеуге шақырды.
2013 жылдың 20 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің №716 Қаулысымен 23 маусым Мемлекеттік қызметші күні болып белгіленді.
«Басты міндет – елге қызмет» қағидасын қатаң ұстанған мемлекеттік қызметшіге халықтың артар сенімі зор.
Билігі мықты елдің – тірлігі құтты. Күн өткен сайын мемлекеттік қызметшілерге қойылар талап та, жүктелетін жауапкершіліктің ауқымы да кеңейіп келеді.
Бүгінгі күні аудан әкімдігінде 78 мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Сонымен қатар, аудан әкімдігіне қарасты 9 дербес бөлім және 2 кент пен 1 ауылдық округтің әкім аппараты бар. Елге қызмет қылуды ұстаным қылған мамандардың арасында күні кеше оқу бітірген жастар да, ғұмыр бойы осы салада еңбек етіп келе жатқандар да кездеседі.
Үйлену, бала дүниеге келуі аты-жөнін өзерту секілді мәселелердің құжаттарын реттемек болған жандар азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне жүгінеді. Ол жерге барғандардың білмегенін түсіндіріп, қашан да жылы шыраймен қарсы алатын Гүлсара Хантөреқызын аудан жұрты жақсы таниды.
Мақат аудандық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің бас маманы боп жұмыс атқаратын Гүлсара Биташева 1961 жылдың тамыз айында көршілес Қызылқоға ауданында әкесі Хантөре мен шешесі Айғанымның отбасында асыға күткен тұңғышы болып дүниеге келген. Ата-анасы есепші және теміржолшы болған қарапайым жандар.
Кейіпкеріміз Доссор кентіндегі Сабыр Шәріпов мектеп-интернатын тәмамдап, бертін келе "Ақниет" заң колледжінен заңгер мамандығы бойынша диплом алған. Еңбек жолын Мақат аудандық еңбекпен қамту орталығында (райсобез) инспектор болудан бастайды. Мақат аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде 1992 жылдан қызмет жасап келеді.
Тапжылмай еткен еңбегі үшін ол 2010 жылы АХАЖ қызметіне 85 жыл толуына орай және Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығы қарсаңында Әділет министрлігінің мақтау қағазымен, 2012 жылы 3-дәрежелі заңгер төсбелгісімен марапатталған. Жұмыс пен отана міндетін ұштастыра білген Гүлсара Хантөреқызы жолдасы Ыбырай екеуі ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан немере мен жиен көріп отырған бақытты ата мен әже.
"Әйел адамға еңбек етумен бірге бала тәрбиесін қатар алып жүру оңай емес. Өзіме жастау кезімде қиынырақ тигені рас. Қызметте жүргенде тәртіпке мойынсұну керектігінен бала тәрбиесіне көңіл азырақ бөлінген кездер болды. Дегенмен уақыт өте бәріне де үлгеруді үйрендім.
Президентіміз елімізге керегі «бала санын көбейту» деп атап айтса, қазіргі қиын кезеңге қарамай, жас аналарымыз соны орындап жатыр деп қуана айта аламын. Дені сау бала мен ана көбейе берсін", - дейді биыл бейнетінің зейнетін көретін жасқа жеткен мереке иесі.
Ең қиын жұмыстардың бірі - халықпен жұмыс жасау. Моральдық шаршау физикалық шаршаудан кем түспейді.
Халық пен биліктің арасын байланыстыратын мемлекеттік қызметшіге жүктелген міндет зор, қойылар талап қатал. Қуатты Қазақстан құрудағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асуы атқарылған қызметке тікелей байланысты.
Осынау міндетті абыроймен атқарып жүрген мемлекеттік қызметшілеріміздің саны арта бергей!
А. Есжан