Атырау облыстық коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, 6 492 тонна балық ауланып, белгіленген лимит 87 %-ға игерілді.
Атырау облыстық Балық шаруашылығы басқармасының ақпаратына сәйкес, ағымдағы жылы көктемгі балық аулау маусымына Жайық-Каспий бассейні бойынша 7434 тонна квота бөлінді (Каспий теңізінен - 3 190 тонна, Жайық өзенінен - 2 223 тонна, Қиғаш өзенінен - 2 021 тонна).
Балық шаруашылығы басқармасы атап өткендей, өткен жылмен салыстырғанда кәсіпшілік балық аулау көлемі 794 тоннаға өскен (2019 жылы - 5 698 тонна).
Сондай-ақ, биыл ауланған балықтың 5000 тоннасы өңделіп, 4069 тоннасы Ресей Федерациясы, Украина, Әзірбайжан және Израиль елдеріне экспортталды.
Қазіргі уақытта Атырау облысы аумағында түрлі меншік нысанындағы 18 өндірістік кәсіпорын балық аулау және қайта өңдеумен айналысады Оның екеуі бекіре балық өсіру зауыты: «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК, «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК. 2020 жылы мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатында балық өсіру зауыттарына арнайы 269 дана балық ауланды. Өткен жылы бекіре тұқымдас 241 дана балық ауланды.
Аталған екі зауыт жыл сайын Каспий теңізіне жасанды жолмен өсірілген 7 млн-нан астам бекіре түрлерінің шабақтарын жіберіп отырады.