Бала күнгі қызығушылығы - өмірлік кәсібіне айналған

Бала күнгі қызығушылығы - өмірлік кәсібіне айналған
(0 Votes)

Мамандық таңдау – әр адамның өмір жолындағы ең маңызды шешімдерінің бірі. Бұл – болашақ тағдырыңды қалыптастыратын, арманыңды шындыққа айналдыратын күрделі де қызықты кезең. 

Мектеп қабырғасында жүрген әрбір бала өзіне ұнайтын саланы армандайды, белгілі бір кәсіпті көз алдына елестетеді. Алайда, уақыт өте келе бұл арманға өмірдің түрлі жағдайлары мен қоғамның ықпалы әсер етпей қоймайды. Шынайы еңбегі ескерусіз қалып, көзге түсе бермейтін жұмысшы жандардың бары да рас.

Олардың тынымсыз еңбегі мен табандылығы қоғамның ілгері дамуына негіз болып отырғанын мойындау қажет. Нағыз өрлеу мен даму қарапайым жұмысшының қажырлы еңбегінен бастау алады. Бүгінгі мақаламызға біз осындай еңбек адамын арқау етіп, өмірі мен еңбегі жайлы ой бөліспекпіз.

Қоғамда көптің көзіне түсе бермейтін, бірақ күнделікті өміріміз үшін маңызды еңбек сіңіріп жүрген қаншама жұмысшы маман бар. Солардың бірі – көлік жүргізушілері. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз –аққыстаулық Марат Алагузов. Ол талай жылдар бойы мемлекеттік мекемеде көлік жүргізушісі болып адал қызмет атқарып келеді. Жалақысы көп болмаса да, өз ісіне деген шынайы құрметі мен адалдығы оның еңбек жолындағы басты ұстанымы. Марат ағамыз жұмысын сүйіспеншілікпен атқарып, осы мамандықты таңдағанына ешқашан өкінбегенін айтады. Бұл – шынайы еңбек адамының тағылымы мен жауапкершілігі.

– Менің ұсақ-түйек, темір-терсек жұмыстарға қызығушылығым бала кезімнен басталды. Шамамен 7-сынып оқып жүргенде нағашым Бақытжан Сатановпен қатарласа жүріп, осы іске үйрендім. Ол кезде біз Тұщықұдық ауылында тұратынбыз. Нағашым өте шебер адам еді, машинаны жөндеп, қалыпқа келтіру сияқты жұмыстарды әп-сәтте тындырып тастайтын. Қазақ «Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу» дейді ғой, сол сияқты нағашым менің ниетімді байқап, әрдайым қолдау білдіріп отырды. Оның тәлімінің арқасында мен де жаман болған жоқпын. Қайта, осы адал еңбектің арқасында өз нәпақамды тауып келемін. Әскерден аман-есен оралып, Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң, 1987 жылдан бастап мекеме көліктерін жүргізуге кірістім. Мамандығым – жүргізуші-механик. Бұл жұмыстың өз қиыншылықтары мен қызыққа толы сәттері бар. Талай басшылармен жұмыс істеп, көлік жүргізушісі ретінде ұзақ жылдар қызмет еттім. Ең бастысы – жауапкершілік. Себебі жауапкершілік бар жерде сенім де артады. Мақтанғаным емес, талай басшылармен қоян-қолтық араласып, әлі күнге дейін байланысымыз үзілген емес. Жаздың аптап ыстығында да, қыстың қаһарлы боранында да уақыт талғамай, іссапарға шығып, жұмысты атқарамыз. Құдайға шүкір, осы уақытқа дейін далада қалып көрмеппіз. Бірақ қиын сәттер де болды. Бірде Қызылқоға жаққа іссапармен барғанда көлік батпаққа батып, жолда қалғанымыз есімде. Ол жақтың бораны да күшті ғой. Сол жерде үш күн бойы далада түнеуге тура келді. Кейін трактордың көмегімен көлікті батпақтан шығарып алдық. Осындай жағдайларда «Қолы шебердің – ісі берекелі» деген сөздің мәнін терең түсінесің. Әрдайым тығырықтан жол тауып кетуге тырысамын. Бүгінде мен адал еңбектің қадірін терең түсіндім. Қазіргі жастардың жұмысшы мамандықтарына құлықсыз екенін байқаймын. Көбі оңай жолды, жеңіл кәсіпті таңдағысы келеді. Машинаның темірін жөндемек түгілі, оның ішін жууға ерінетіндер де бар. Бірақ дәл осы жағдай жұмысшы мамандықтарға сұраныстың артуына алып келіп отыр. Өз балаларымды осындай еңбектен шеттеткен емеспін. Үйде жиі көлік жөндеп жүргенімді көріп, олар да осыны үйренді. Үлкен ұлым Алматыда түрлі көліктерді жөндеумен айналысады, ешкімге күш салмай, өз еңбегімен күнін көруде. Ортаншы ұлым қалада программист болып қызмет етеді. Мен өз мамандығымнан ешқашан ұялған емеспін. Керісінше, ел қатарлы адал еңбек етіп, қоғамға пайда тигізіп жүргеніме қуанамын,-дейді Марат Алагузов.

Әр кәсіптің қадірін түсініп, адал еңбек етудің маңызын біз осындай қарапайым еңбек адамының мысалынан анық байқай аламыз.

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT