Бүгін - Абай күні

(0 Votes)

 

 2020 жылы елімізде ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Осы мереке қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 тамызды, яғни, ұлы Абай Құнанбайұлының туған күнін «Абай күні» деп атауды ұйғарып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10-тамыз Абай күні деп белгіленді.

«Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол – қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы. Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды. Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді. Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың және жаһан жұртының асыл қазынасы. Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы. Ұлы ойшыл жастарды білім мен ғылымды игеруге, өнер мен тілді үйренуге, маңдай термен мал табуға шақырды. Ақын айтқан бес асыл іс: Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым – ұлт үшін ауадай қажет қасиеттер. Біз дамуды тежейтін бес дұшпаннан арылып, елдік мүдде жолында еңбек етсек қана қоғамдық сананы жаңғыртамыз. Біз Абай аманатына адал болуымыз керек. «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесінің берік орнығуы осыған байланысты. Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуі қажет»,- деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш – Абай сөзі, Абай аты боларға керек... Ең жоғары, ардақты орын – Абайдікі» деп Міржақып Дулатұлы Абайды «қараңғы заманда шыққан басшымыз» деп атап, оның қазақ әдебиетін, ой-санасын дамытуға косқан үлесін аса жоғары бағалап, артына қалдырған мұрасыньң қадірі барған сайын арта береді деген терең пікір айтады.

Абайды біз көбіне лирик ақын, философ, аудармашы ретінде ғана танимыз. Әрине тұлғаның табиғатқа жан бітіретін, жинаған өмірлік тәжірибесімен бөлісіп қарасөзге дес бермейтін шешендігі, сырттан аударған дүниелерінің қолмен қойғандай ақындығы өзінше бір бөлек дүние.
Жалпы, Абайды елге кеңінен танытуға, зерттеуге, тануды алғаш бастаған алаштықтар еді. Өйткені 1913 жылы «Қазақ» газетінің №39-41 сандарына, сол газеттің редакторы болған Ахмет Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» атты көлемді мақала жариялаған екен. Тіпті, бұл мақала қазақтың бас ақыны туралы жазылған алғашқы кең көлемді мақала еді.
Ақынның дүниеге келгеніне бір жарым ғасырдан астам, ал өзінің мәңгі өлмес шығармаларымен халқына сөздің ұлы мағынасында ұстаздық ете бастағанына ғасырдан астам уақыт өтті. Содан бері оның артына қалдырып кеткен мұрасы елі мен жұртының рухани өміріндегі қай бұрылыстар мен қай құбылыстар тұсында да айнымас темірқазық, адастырмас құбыланама болып қызмет етіп келеді.
Абай – қазақтың ұлттық философиясының негізін салушы, жаратылыстың құпиясына, табиғат пен қоғамның, адам мен заманның сырына терең бойлаған кемеңгер ойшыл. Ақын ел арасында болатын көптеген жағымсыз әрекеттер: іштарлық, көрсеқызарлық, сондай-ақ көреалмаушылық, еріншектік, жалқаулық сияқты теріс қылықтардан аулақ болуға үндейді.

«Өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп Абай өзіне мәңгілік ескерткішті поэзия тілімен салып кеткен ақын.

М.Серікқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521