АУЫЛЫМ – АБАТ-БАҒЫМ

АУЫЛЫМ – АБАТ-БАҒЫМ
(0 Votes)

«Заман жаңарды, адам жаңарды» дегенді құлағымыз жиі шалып қалып жататыны рас. Мұны қазір екінің бірі айтады. Жоқ, олай емес деп көпке топырақ шашу ойымызда жоқ. Алайда, әлі де болса кейбір тұстарда «заманына қарай амалын» жасай алмай қалып жүргеніміз де өтірік емес. Соның бірі ауыл тазалығынан, қоршаған ортаға жанашырлығымыздан да көрініс беріп қалады. Бұл Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаевпен арада осы бір өзекті жайтқа орай болған әңгімемізден де анық аңғарылады.

- Ғаділ Махуұлы, ауданымыз жайында бейтаныс жандарға бірді-екілі дерек берсек те, сырттай таныстырып көрсек те алдымен ауызға ілінетіні оның орталығы – Аққыстау ауылы екені рас. Сол сияқты, бейтаныс ортаға бара қалып, «Исатай ауданынанмын» десек, басқасын ауызға алмай, «о-о, Аққыстаудансыз ба?» деп жататындар көп. Айтпағым, сол Аққыстау ауылының келбеті тек сәнді де сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді. Күн сайын көркейіп келе жатқан аудан орталығының ажары оның тазалығына да байланысты. Әңгімені осы тұстан бастасақ, не айтар едіңіз?

-Әлгі ойыңызды жалғай кетейін. «Иә, Аққыстауданбыз» дегенді аузымызды толтыра айтып жататынымыз да өтірік емес қой. Сөйтіп, бейтаныс ортаның да біздің Аққыстауды білетініне бір риза болып, көңіліңді мақтаныш кернеп кетеді, солай ғой. Ендеше, оның ауыз толтырып айтарлықтай болғаны бәрімізге мерей ғой.

Шүкір, жылдар озған сайын аудан орталығының таза, әдемі әрі жасыл желекке оранып тұруы ұдайы назарда ұсталынып, әрі ауылдың ауқымы да кеңейіп, күн санап келбеттене түсуде. Әрине, тұрғындар саны көбейген сайын тұрғын үйлер қатары да арта түсті, үйлері көбейген сайын, жаңа көшелер де қатар түзеуде, көшелер көбейген сайын жүріп-тұратын жолдар, қызмет қылатын сауда-саттық, тамақтану, демалыс орындары, басқа да дүниелер көбеюде. Мұның бәрі болғаны жақсы, десек те сонымен бірге көіріктендіру, көгалдандыру, тазалық мәселелері де күрделене беретінін жоққа шығара алмаймыз ғой. Сондықтан тазалық мәселесі қай уақытта да алдыңғы орында ұсталынып келеді.

«Тазалық табалдырықтан басталады» дейді екен дана халқымыз. Әрбір ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстау – санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі. 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Ал осы «Таза Қазақстан» акциясы - ауыл тұрғындары үшін тазалыққа шақыратын, елді мекендерді жасыл желекке айналдырып, табиғатты аялауға және экологияның жақсаруына өз үлесін қосатын әлеуметтік маңызы бар жоба болып отыр.

-Осы «Таза Қазақстан» жобасы аясында ауылда қандай жұмыстар атқарылғанын атап айтып бере алар ма едіңіз? Ол Аққыстаудың ажарлана түсуіне өз септігін тигізіп жатыр ма? Мұны айтқанда, ауданның басқа да ауылдары мен елді мекендері оның орталығына қарап бой түзейтіні де ойда тұр.

- Шындығын айтқанда, осы жоба қолға алынғалы ауылда абаттандырылған аулалардың қатары көбейді. Көктем, күз мезгілдерінде ауыл тұрғындары, өнеркәсіп жұмысшылары, кәсіпкерлік нысандар мен мемлекеттік мекемелер ұжымдарының сенбілікке шығуы дәстүрге айналдырылған. Ауыл көлемінде өткізілген сенбіліктерді саралай қарасақ, Аққыстау ауылы бойынша барлық мекеме, кәсіпорындар, әрине мұның ішінде мемлекеттік қызметшілер, мектеп-балабақшалар және басқаларының қызметкерлері бар, барлығы 30 мекеме, 210 қызметкер әр сенбілікке қатысып, ауылішілік тазалық, көркейту жұмыстарын ұйымшылдықпен өткізуге атсалысты. Әр сенбілік сайын бөлінген техника -  трактор тіркемесімен шығарылып, көшелер мен аулалар қоқыс қалдықтарынан тазаланып, арнайы орынға шығарылып келеді.

-Біздіңше, аталған жобаның бір мақсаты жұртшылықты айналасын таза ұстауға, ауылдың көрікті болуына көбірек үлес қосуға үйренулеріне себепші болу десек қателеспейміз. Осы тұрғыда діттеген жерден шыға алдық па, қалай ойлайсыз?

- Айта кетуім керек, ауыл тұрғындары да қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлестерін қосуда. Дегенмен, өз үйінің айналасының жинақылығымен ғана шектелетіндер бар. Сол себепті, бұл бағытта сенбіліктер өткізумен қатар, тазалықты сақтауды, оның бәрі өзіміз, ауылымыз үшін екенін насихаттауда көптеген шаралар мен жұмыстар жасалынды.

«Мың шыбық шаншып өсірсең, халқыңа орман салғаның, өзіңе қорған салғаның» деген екен бұрынғы өткен бабаларымыз. Осы даналық сөзде түсінген адамға бәрі айтылып тұр деп ойлаймын. Біз мұны тек сөзбен емес, іспен де дәлелдеуге тырысып келеміз.  Осы бағытта ағымдағы жылда ауылымызды көркейте түсу қамымен көшеттер отырғызылды, басқа да көркейту жұмыстары жүрді.

Соңғы жылдары азды-көпті осындай атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауылдың ажары күннен күнге айшықтала түсуде. Ұлттық нақышта безендірілген аллеялар, демалыс орындары көбейді. Осыдан он жыл бұрынғы Аққыстау мен казіргі Аққыстау ауылының келбетін салыстыруға келмейді десем, бұл құр мақтаншылық емес, шынымен де солай. Оны басқалар да көріп, куә болып отыр.

- Қазір ауыл-ауылда, соның ішінде Аққыстауда да арнайы қоқыс контейнерлері қойылған. Қолдағы мәліметке қарағанда аудан орталығындағы көшелерге, аулаларға  осындай 52 қоқыс жәшігі орналастырылған. Бұлардың бәрі сол ауыл тазалығын сақтаудың қамымен жасалынған тірлік екенін білеміз. Оның нәтижесі қандай болуда?

- Бұл соңғы жылдары өз нәтижесін беріп келе жатқан жұмыс болды. Қазір арнайы қоқыс жәшіктерін қоюдың арқасында шашылып жатқан көп қоқыс көрінбейтін болды. Сондай-ақ қоқыс контейнерлерінің уақытылы алынбай қалуы, жәшіктердің асып-төгіліп жатуы да қазір көп байқалмайды, бірте-бірте жолға қойылып, адамдар соған үйреніп қалды.

Десек те, ауыл тазалығына өзіндік үлестерін қосып жүрген көше тазалаушылар ауыл тұрғындарының айналаның тазалығы мәселесіндегі мәдениетін көтеру керек екендігін жиі айтады. Шынында да, кейде тазалыққа мән бермеушілік көріністері әлі кездесіп қалып жүр. Мәселен, баласын қоқыс төгуге жіберетін кейбір ата-аналар ол баласы қоқысты арнайы жәшікке апарды ма, болмаса аулаға, көшенің қалтарысына қалдырып кетті ме, тиянақтап сұрамауы кездеседі. Өкінішке орай, ауылдастар арасында қоқыстарын арнайы жәшіктер тұрса да кез келген жерге төгіп, тазалықшылардың еңбегін бағаламайтындары бар.

Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлердің де назарларына кәсіпкерлік нысандарының аумағын таза ұстауды қайталай айтуға мәжбүрміз. Мысалы, дүкендер немесе басқа да сауда орындарын алайықшы, міндетті түрде ескерту жасалмаса, өз беттерінше тазалықты қолға алмайтындарын байқаймыз. Әрбір нысанның аумағы, есігінің алдынан бастап жинақы әрі қоқыс атаулыдан таза болуы шарт. Бұл көшеге көрік қосады, мұны бір деңіз, екіншіден сол сауда нүктесіне, не демалыс орнына келушіге, яғни тұтынушыларға оң әсер қалдырады. Сондай-ақ, сондай нысандарды үнемі қадағалап жүру бізге де оңай емес.

Мүмкіндікті пайдаланып тағы бір айта кететін жайт – ауылда мал ұстайтын тұрғындардың сол жануарларын бағуда сақтай бермейтін әдептеріне қатысты болып отыр. Ауылдағы саябақтарға кіріп кетіп, жайбарақат жайылып жүрген сиырлар әлі кездесіп қалады. Ал жануарларды ұстап-күтудің өз ережелері, яғни заңды талап, тәртіптері бар. Сондықтан да осындай заң бұзушылықтар кездескен жағдайда ауылдық округ әкімдігі тарапынан дереу шара қолданылатынын ескерте кетуді артық көрмеймін.

-Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT