Ауылдан шыққан жас механик

Ауылдан шыққан жас механик
(0 Votes)

Атасы мен ақ көкесі сияқты механик болу – оның бала күнгі арма­ны. Небары 6 жасынан бастап Сағынтай көкесі қасына ертіп, жеңіл көлік жүргізуді үйретсе, тоғыз жасында трактор тізгіндеуге көшті. Қарапайым отбасынан шыққан ауылдың қара домалақ баласы осылайша 12-13 жасынан трактор мен жеңіл көлікті емін-еркін жүргізе бастаған.

Махамбет ауылы, Ортақшыл селосының тұрғыны, Атырау көлік және коммуни­кациялар колледжінің 2-курс студенті Нұртай Қуанышев жуырда ғана «Жұмысшы мамандықтар – ел тірегі» форумының аясында жеңіл автокөліктің моторын жина­удан жүлделі екінші орынға ие болды.

Өңірдегі жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және әлеуметтік серіктестермен ынтымақтастықты күшейту мақсатында өткен форум аясында аталмыш оқу орнымен бірнеше кәсіпорын арасында өзара меморандум жасалған. Атырау қаласына белгілі бірнеше автопарктің басшылары да осы жиынға қатысып, жарыс барысын тамашалап, болашақ механиктердің ептілігі мен шеберлігіне баға берген-ді. Дәл осы жарыста Toyota camry 2.4 маркалы автокөлігінің мото­рын 48 минутта, ВАЗ 2110 маркалы жеңіл көлігінің моторын 40 минутта шашып, жинаудан үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынға көрсеткіші сәл жетпей қалған жерлесіміз Нұртай Қуанышев қабілетімен қатарластарын таң қалдырды. Ол білім алып жатқан оқу орнының басшылығы мен ұстаздары да Нұртайдың ынтасы мен мамандығына деген талпынысы зор екенін айтып отыр. Атасы Қуаныш Қарабалиев осы Ортақшыл ауылына белгілі маман ретінде 25 жыл совхозда инженер-механик болып еңбек етсе, кейіннен мұнай саласында қызмет атқарған. Қуаныш көкеміздің балалары да көліктің тілін бір кісідей білетін, шаруагер азаматтар. Халқымыз «әке көрген оқ жонар» демей ме? Шаңырақтың үлкен немересі, атасы мен ағаларының қолғанаты Нұртай да қолы қалт етсе ауылдың тірлігінен босамайды. Қысы-жазы малдың жем-шөбіне, суына, қырықтыққа, шабындыққа да қазір өзі жауапты. Қала берді жеңгесіне қолғабыс етіп, ауылды сумен қамтуға да атсалысып жүр. Ауылдан шыққан талантты, талапты жастар осындай-ақ болсын. Артық сөз, жат қылыққа әуес болмай, болашақта білікті механик боламын деп талпынып жүрген Нұртайдың таудай талабына біз де осылай қолдау білдіруді жөн санадық.

А.САТАЕВА

 

 

 

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT