Аманжолдың асуы

Аманжолдың асуы
(0 Votes)

Ауданымыздың өсіп-өркендеуінде өзіндік үлесін қосып, жұмысшы мамандығында еңбек етіп жатқан жастарымыз жетерлік. Солар- дың бірі – махамбеттік Аманжол Қадырбаев. Ол 2021 жылдан бері Махамбет орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде техник, орман күзетшісі болып еңбек етіп келеді.

Сарытоғай ауылының тумасы Аманжол Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебін 2017 жылы аяқтаған соң сол жылы С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғарғы колледжінің, электрмен қамтамасыз ету мамандығына оқуға түскен. 2020 жылы осы колледждің «Тарату құрылғылары бойынша электр құрастырушы» мамандығы ди­пломын алған. Аманжол С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінде білімін шыңдау мақсатында 2020-2021 жылдар аралығында «техник-электрик» біліктілігі бойынша екінші дипломын алып, оқуын ойдағыдай аяқтайды. 2019-2021 жылдары колледжде білім алып жүріп, жазғы уақытта Махам­бет орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында «Жа­сыл ел» жасақшылар тобында еңбек етеді. Сөйтіп жүріп көзге түскен жас маман мекемеге техник болып жұмысқа қабылданыпты. Ал бүгінде ол орман қорығын қорғауға жан- жақты атсалысып жүр.

Жас та болса, мамандығына адал, берілген тапсырманы бұлжытпай орындайтын Аманжол туралы меке­ме басшысы Алтынбек Асқаров бы­лай деді:

«Аманжол өз жұмысына жауапты, алғыр, ұқыпты, сауатты, жан-жақты жігіт. Қай тапсырманы да мұқият, тез орындайды. Оған үлкен сенім артуға болады. Таяуда жұмысшы жастар форумына қатысып келді»-дейді ол.

Аманжолдың 2023-2024 жылдары Республика күнінде аудан әкімінің, сол жылы орман шаруашылығы қызметкерлері күніне орай Махам­бет орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КМК басшысының алғыс хаттарына ие болған.

Сондай-ақ жуырда Жұмысшы мамандықтар жылына орай Аты­рау қаласында өткен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Атырау облысы әкімдігі, «Жастар рухы» ЖҚ Атырау облысы филиалының ұйымдастырған жастардың республикалық форумына қатысып, сертификатқа ие болды. Бұл форум жұмысшы жастар арасында еңбек иелерін және техникалық салалар­ды насихаттау, сондай-ақ тәжірибе, білім алмасу және кәсіби даму деңгейін арттыруға бағытталған еді.

Аманжолдың әкесі Орын Садықов «КазТрансГазАймақ» АҚ мекемесінде слесарь болып еңбек етеді. Ал анасы Гүлнар Жұманқызы Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінде жұмыс істейді. Шаңырақта бес бала бар. Ағасы Ернар Атырау қаласындағы №6 М.Мөңкеұлы атындағы орта мектеп­те директордың ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары болып еңбек етіп жүр. Отбасында өзінен басқа апасы Злиха, ағасы Ернар, інілері Аманжан, Қадыржан бар. Шаңырақтың кенжесі Қадыржан – 10-сынып оқушысы.

– Мемлекет басшысы биылғы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Алайда кей жерлерде әлі де мамандығына сай жұмыс таба алмай жүрген жұмыссыз жастар кездеседі. Қай маманға да өңірден, ауданнан жұмыс табы­лып, еңбек етсе, нұр үстіне нұр бо­лар еді. Әр адам өмірден өз орнын табуы тиіс деп ойлаймын. Мен өз мамандығымды қадір тұтамын,- дейді Аманжол бізбен әңгімесінде.

Біз де оны мерекемен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледік.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT