Биыл еліміздегі ең үлкен қоғамдық бірлестік, қазыналы қарияларды бір шаңырақ астына біріктіріп отырған Қазақстан ардагерлер ұйымының құрылғанына – 35 жыл толды. Бүгінде қоғамда өзіндік орыны бар іргелі ұйым өңірдің саяси, әлеуметтік – экономикалық дамуына белсенді атсалысып келеді.
Аталмыш датаға орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты іс-шара өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Бекәділ Жайкин, облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұханбетов, облыстық Ардагерлер кеңесінің хатшысы Мәлік Әбілқайыров, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов және мүшелері қатысты.
Алдымен сахна төріне көтерілген Сәбит Сүлейменұлы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
«Ауданда ардагерлер ұйымы 1988 жылы құрылған болатын. Сол кездегі 27 мың халқы бар ауданда 375 соғыс ардагері, 1200 тыл еңбеккері, 5 бастауыш ұйым болды. Жалпы барлық зейнеткерлердің саны - 1949 болатын. Ұлы Отан соғысына ауданнан 2427 адам аттанса, оның 1625-і ұрыс даласына қаза тапты. Қазіргі таңда ауданда көзі тірі соғысқа қатысқан ардагерлер қалмады. Бүгінде ауданда 2550 ардагер бар. Оның 25-і тыл еңбеккерлері»,- деді төраға.
Одан кейін аудан әкімінің орынбасары Бекәділ Орынбасарұлы құттықтау тілегін жеткізіп, бір топ ардагерлерге аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті. Олардың қатарында Ш.Ишанғалиев, Ж.Исмағұлов, Д.Дәулетбаев, Т.Жолмағанбетов, Р.Үмбетова, Қ.Қарағойшиев болды.
Шара барысында облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Қалжанұлы да ардагерлерді құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
«Бүгінде республикада 2 миллионнан астам ардагер бар. Бұл еліміздегі үкіметтік емес ұйымдар ішіндегі ең мүшесі көп, қуаты да беделі бар ұйым. Облыста ардагерлердің алғашқы құрылтайы 1987 жылы 27 ақпанда өтті. Обылыстық ардагерлер ұйымының құрылып қалыптасуына еңбек сіңірген оның алғашқы төрағасы «Парасат» орденінің иегері, соғыс және еңбек ардагері Ғибатолла Абдолов болатын, ал Мақат аудындық ардагерлер кеңесінің қалыптасуына ерекше еңбек сіңірген алғашқы төрағасы, майдангер ұшқыш Азат Жанасов ағамыз еді. Бұдан 35 жыл бұрын республика көлемінде 80 бастауыш ұйым 35 мыңға жуық мүше болса, күні бүгін 264 бастауыш ұйымда 62 мыңға жуық мүше бар»,- деді ол.
Ардаргерлер кеңесінің құрылуы мен өркендеуіне жергілікті ардагерлердің сіңірген еңбегі орасан зор. Бұл күні олардың еңбегі елеусіз қалмай, түрлі марапаттарға бөленді.
Атап айтсақ, «Ардақты Ана» медалімен Елка Хисмаденова, «Хиуаз Доспанова атындағы» медалімен Ахметжан Жұмағалиев, Қалам Жанғабылов, Ғалымжан Тастаев, Адайхан Елубаев, Қабылхан Омаров, «Ардақты ардагерлер Алтын белгісімен» Ерғазы Жоламанов, Сәбит Халенов марапатталды.
Сондай-ақ, облыстық Ардагерлер кеңесінің Алғыс хатына Х.Қараманов, Ж.Алтыбаев, А.Қабдолов, Ж.Үмбетқалиев, Т.Байгуршимов, Ә.Мендалиева және облыстық Ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасына Н.Байниязов, М.Хасанов, Р.Исмағұлов, Е.Төлешқалиев, Б.Құрманов, Б.Сәрсекбаев, К.Саюпов ие болды.
Мерекелік кеш одан әрі аудандық мәдениет үйі дайындаған концерттік бағдарламаға жалғасты. «Шаттық» үлгілі би ансамблі «Қазақ» биін мың бұрала билесе, В.Тұрмағанбетова «Жайық деген жанды су» және Е.Бекболат «Жұмыр қылыш» шығармаларын домбырамен күмбірлетті. Б.Әкімгерейұлы «Дүние-ай», Г.Ишанғалиева «Перзент парызы», А.Елубаев «Менің әкем», Г.Кенжиева «Арыс жағасында», Б.Жалмұханов «Елге сапар» әндерін жүректерге жеткізе орындады.
Өздеріне көңіл бөліп, сый-сыяпат көрсеткені үшін ұйымдастырушыларға ардагерлер өз алғыстарын білдірді.
М.ІЗТҰРҒАНОВА,
СУРЕТТЕР АВТОРДІКІ