Аудан әкімі газет ұжымын қабылдады

(0 Votes)

Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» десе, Шерхан Мұртаза журналистің «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп тура сипаттаған. 28 маусым елімізде бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің күні тойланады.

Осынау мерекеге орай сәрсенбі күні аудан әкімі Ринат Ибрагимов ауданымыздың айнасы «Маqat tynysy» қоғамдық-саяси газетінің ұжымын қабылдады. «Еліміздің мұң-мұқтажын билікке жеткізу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Осы еңбектеріңізді әрдайым ескереміз. Жасаған қызметтеріңіз жоғары деңгейде елене берсін. Мерекеден мерекеге аман-есен жете берейік», - дей келе, редакция қызметкерлеріне алғыс хат табыс етті. Одан әрі еркін форматқа ұласқан бас қосу барысында аудан әкімі тілшілердің ұсыныс-пікірін тыңдады.
Ұжым атынан сөз алған газеттің бас редакторы Мөлдір Ізтұрғанова «жақсылықтың ерте-кеші жоқ» дей келе, осындай ілтипат көрсетіп жатқан аудан әкімдігіне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ауданмен бірге жасап, оның тарихын, жылнамасын жазып келе жатқан 20 жылдық тарихы бар басылымның мәртебесі қай кезде де биік, ойы салмақты, халық пен биліктің арасын байланыстыратын алтын көпір екеніне тоқталды. Одан әрі бұл ақпарат саласындағы барлық қызметкерлердің мейрамы екенін еске салып, барлық әріптестерін таныстыра кетті. Редакцияны мазалайтын мәселерді тыңдаған Ринат Хисаұлы қол ұшын созуға тырысатындығын айтып өтті.
Аудан әкімінің кеңесшісі, «Маqat tynysy» газетінен түлеп ұшқан бұрынғы тілшісі Анварбек Садықовтың: «Кент пен ауылдық округі аз ауданымыздан апта сайын үлкен 8 беттік газетті шығару оңай емес екенін өз басым жақсы білемін. Әсіресе аптаның сәрсенбі, бейсенбі күндері толғаныспен жүретін едік. Журналистикаға адам көбіне жүрек қалауымен бала күнінен армандап келеді. Мысалы, Мөлдір Серікқызы оқушы кезінен газетпен тығыз байланыс орнатып, бүгінгі күнде облыстағы ең жас редактор атанып отыр. Былтырғы жылы газет ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің қолынан арнайы марапатқа ие болғаны бар. Мен араларыңыздан кеткеніммен саламыз бір және илейтініміз бір терінің пұшпағы болғандықтан әрі қарайда бірлесіп жұмыс жасауға шақырамын. Қаламдарыңыз ұштала берсін!», - деген тілегінен кейін, Ринат Хисаұлының «облыс әкімінің де құттықтауларына қосыламыз, жағымды жаңалықтарда жүздесейік»,- деген сөзімен салтанатты қабылдау мәресіне жете қойды.


А.Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521