Атыраулық кәсіпкерлер жылыжай өсіруді дәстүрге айналдыруда

Атыраулық кәсіпкерлер жылыжай өсіруді дәстүрге айналдыруда
(0 Votes)

«Өрле» жобасына қатысып, грант ұтып алған атыраулықтар бүгінде бизнес бастап, кәсіптерін кеңейтуде. Солардың қатарында Махамбет ауданының тұрғындары, ерлі-зайыпты Артур Тілегенов пен Диана Лұқпанова да бар, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Олар бұл жоба туралы біле салысымен бірден қатысуға бел буып, көп ұзамай тегін қаражатқа да қол жеткізіпті.

«Біз жолдасым екеуміз егін шаруашылығымен айналысуды көп уақыттан бері армандап келдік. Содан алдыңғы 2023 жылы «Өрле» жобасы жөнінде естіп-біліп, бағымызды сынап көрдік. Ақыры, ойламаған жерден грантқа ие болдық! Мұндай мүмкіндік кез келген жанның бағына бұйыра бермейді ғой. Сондықтан көзді жұмып жіберіп бизнесті бастап кеттік. Біз он жыл қалада тұрып келдік. Ал, ауылдық жерге ауыл шаруашылығымен айналысу үшін көшіп келген едік» дейді Диана.

Иә, жасыратыны жоқ, соңғы уақытта халық ауылдан қалаға көшіп жатса, ал, Артур мен Диананың ауылдан кәсіп ашқаны – батыл бастама болып отыр.

– Мен 2017 жылдан бері жылыжай өсірудің қыр-сырын «ютуб» арнасынан іздеп, қарап жүрдім. Қалай болғанда да, жасымыз жетіп, балаларымыз өсіп жатыр, бір жұмыспен шектеліп қалуға болмайды, сондықтан кәсіп ашу керек деп шештім. Сөйтіп жүргенде жұбайым екеуміз «Өрле» бағдарламасы жайлы естіп, қатысуға тырысып-бақтық. Ақыры, қажетті қаражатқа қол жеткізіп, жылыжай салып алдық. Осылайша, қияр өсіріп жатқан жайымыз бар. Мен 2018 жылы ауылға көшкенде бір емес, екі жер учаскесін алған едім. Енді алдағы уақытта сол жердің бәріне жылыжай салғым келеді, - дейді отағасы.

Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер мұнымен тоқтап қалғысы келмейді. Көп күттірмей тағы да үш-төрт жылыжай салып, табиғи таза әрі сапалы өнім өсіріп-өндіруді жоспарлап отыр.

«Қияр 45 күнде, ал қызанақ тоқсан күнде өсіп, піседі. Міне, қияр өсіруді қолға алып отырғанымыз сондықтан. Қалай десек те, қазір еккен дақылдан бір айдың ішінде өнім алған керемет қой. Мойындаймыз, даладағы егінге қарағанда, жылыжай өсіру көбірек күтімді қажет етеді. Есесіне, оны күзде де, қыста да өсіре аласыз. Әрі, оған сұраныс көп» дейді олар.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT