Атырау қаласында 8-13 жас аралығындағы балаларға арналған «Цифрлық мамандықтар қаласы» атты танымдық квест-ойын ұйымдастырылды. Бұл іс-шара балаларға Халыққа қызмет көрсету орталығын, цифрлық мамандықтар мен интернеттегі қауіпсіздік ережелерімен таныстыруды мақсат етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ойынға барлығы 15 бала қатысты. Қатысушылар 5 адамнан тұратын 3 командаға бөлініп, бірнеше станциядан өтетін маршруттық квестке қатысып, 60-75 минут бойы қызықты әрі пайдалы тапсырмаларды орындады.
№1 Халыққа қызмет көрсету орталығының базасында өтіп жатқан іс-шараның басты мақсаты — балалардың цифрлық сауаттылығын арттыру, топпен жұмыс жасау дағдыларын дамыту және мемлекеттік қызметтерге деген қызығушылығын ояту, - деді “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕ АҚ АОФ PR менеджері Әділет Сәбитов.
Квест қатысушылары да алған әсерлерімен бөлісті. Олар бірнеше этаптан тұратын тапсырмаларды орындап, өздерін жаңа қырларынан аша білді.
Маған квест өте қатты ұнады. Біз әртүрлі тапсырмаларды орындап, жаңа нәрселерді үйрендік. Ең қызығы — Халыққа қызмет көрсету орталығы туралы және интернет қауіпсіздігі туралы көп мағлұмат алдық, - деді квест-ойының қатысушысы Жанел Әуелбай.
Ойын соңында барлық қатысушы естелік фотосуретке түсіп, сыйлықтар мен марапаттарға ие болды.