Атырауға қосымша мұз айдыны қажет

(0 Votes)

 Соңғы жылдары Атырауда қысқы спорт түрлеріне қызығушылық танытатындардың қатары өскен. Соның ішінде мұз үстіндегі спортпен айналысушылардың саны артып, шайбалы хоккей мен мәнерлеп сырғанаудың қатарына кёрлинг қосылған. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің спортшылармен бас қосқан жиынында айтылды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Жиынға облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері мен федерациялар және спорт мектептерінің басшылары мен спорт жанашырлары қатысты. Жалпы отырыс ашық микрофон форматында өтіп, жиын төрағасы Марат Мурзиев қатысушылардың пікірлерін тыңдады.

- Өңірде спорт саласы жақсы дамып келеді. Бірақ кедергі туғызатын жайттар да жоқ емес. Мәселен, бұрын қысқы спорт, соның ішінде мұз үстіндегі спорт түрлері жоқтың қасы болатын. Қазір шайбалы хоккей мен мәнерлеп сырғанау дамып жатыр. Оның үстіне көпшіліктің қызығушылығының арқасында бұрын-соңды өңірде болмаған спорт түрі кёрлинг қосылды. Бұдан бөлек парахоккейге қызығушылық танытып отырғандар да бар. Алайда, Атырауда мұз айдыны жалғыз. Бәрі бір уақытта, бірдей дайындалу қиынға соғады. Оның үстіне қолданыстағы мұз айдыны жаңа стандарттарға сәйкес келмейді. Сол себепті қосымша мұз айдыны қажет, - деді кёрлинг Федерациясының президенті Айбар Есенғалиев.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуованың айтуынша, жаттығуға арналған қосымша мұз айдынын салу үшін жер телімі қарастырылған. Алдағы уақытта құрылыс стандарты бекітілгеннен кейін жобалау жұмыстары жүргізілетін болады.

Бұдан бөлек жиында спорт саласындағы өзге де проблемалық мәселелері талқыланды. Айталық, қазір өңірде ескек есу спорты кенжелеп қалған. Оған жауаптылар жаттықтырушылардың жетіспеушілігі себеп екенін айтуда. Сондай-ақ, балаларға арналған спорт мектептерінің қазіргі жағдайы талқыға түсті. Басқарма өкілдерінің айтуынша, 2027 жылдарға арналған кешенді жоспарлар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында облыста 26 жаңа спорт кешені салынбақ.

- Балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту мақсатында облыс бойынша 31 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс жасайды. Оның ішінде 9-ы қалада, 22-і ауылда. Өткен жылдың аяғында 14 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі дербес мекеме ретінде өз алдына спорттық базамен жабдықталып, құрылды. Нәтижесінде облыс бойынша спорт мектептерінде шұғылданушы балалар саны 2500-ге көбейіп, 18000 балалар мен жасөспірімдер жүйелі түрде спортпен тегін шұғылдануда. Болашағынан үміт күттіретін 370 спортшы Олимпиадалық резервті даярлау орталығында бөлек бапталуда. Олимпиадалық 11 спорт түрінен бөлімшелер жұмыс жасайды,- деді Н.Төлеуова.

Басқарманың мәліметіне сүйенсек, Атырауда жыл басынан бері 2 Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 32 Қазақстан Республикасының спорт шебері дайындалған. Сондай-ақ, 167 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстан Ұлттық құрамасының қатарында атыраулық 401 спортшы болса, олардың арасында Париж олимпиадасына жолдама алуға үміткерлер де бар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT