Атырауда танымал жас жазушы студенттермен кездесті 

Атырауда танымал жас жазушы студенттермен кездесті 
(0 Votes)

Ұлттық кітап күніне орай облыстық балалар кітапханасында атыраулық жазушы Бақытгүл Сәрмекова Каспий маңы көпсалалы жоғары колледжінің студенттерімен кездесті.

Апта бойы елімізде кітап фестивальдері, ашық оқулар, көрмелер, буккроссинг акциялары, әдеби кездесулер, марафондар мен байқаулар өтіп жатыр. Бұл шаралар кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған. Кездесу барысында Бақытгүл Сәрмекова студенттердің өз шығармашылық жолы, кітабы туралы, кітап жазу үдерісінің қызығы мен қазіргі қоғамдағы кітаптың орны жайлы сұрақтарына жауап берді. 

– Биыл 23 сәуірде алғаш рет ресми түрде маңызды мәдени мереке – Ұлттық кітап күні аталып өтуде. Бұл күннің маңызы зор деп есептеймін, өйткені кітапқа және оқуға деген сүйіспеншілік – ұлттың зияткерлік әрі мәдени дамуының негізі, – деді жазушы. – Мұндай шаралардың кітапханада өтуі өте қажет, себебі жергілікті жазушыларды көбіне тар шеңберде ғана таниды. Ал осындай кездесулер арқылы біз жастармен жақынырақ танысамыз.

– Қазір жастар арасында қазақ тілінде кітап оқу сәнге айналып келеді. Әлеуметтік желілерде түрлі кітаптар туралы жазбалар жарияланып, еріктілер тарапынан кітап клубтары құрылып, белсенді жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, кітап алмасу шаралары – буккроссингтер ұйымдастырылып жүр. Бүгінгі ата-аналар үшін басты мәселелердің бірі – балалардың сөздік қорын дамыту. Өкінішке орай, балалардың гаджеттерге тым әуестенуі бұл мәселеге әсер етіп отыр. Ал сөз байлығын арттыру үшін балалар көп кітап оқуы керек. Қуантарлығы – бүгінде әлемдік бестселлерлер, фильмдер, мультфильмдер қазақ тіліне аударылуда, – деп атап өтті Бақытгүл Сәрмекова.

Бақытгүл Сәрмекова – атыраулық жазушы, Құрманғазы ауданына қарасты Мақаш ауылында дүниеге келген. Жазушылық жолын  2014 жылы бастаған. Ол Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінде құқық мамандығы бойынша білім алған. Содан бері екі әңгімелер жинағын жарыққа шығарған: 2019 жылы – «Күн батқан кездегі оқиға», 2020 жылы – «Кейіпкер». 

Сәрмекова – 2016 жылғы «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің проза номинациясы бойынша лауреаты және 2020 жылы талантты жас жазушыларға, ақындар мен драматургтерге екі жылда бір рет берілетін Рахымжан Отарбаев атындағы қор грантының иегері.

Оның кейіпкерлері – өмірге жақын, табиғи мінезді, шынайы өмірді боямасыз сипаттайды. Әлеуметтік желілерде жарияланған әңгімелері мен новеллалары ерекше стиль, нәзік юмор және нанымды шындықпен ерекшеленеді. Қазіргі таңда жазушы "90-жылдар ұрпағы туралы" жаңа кітап жазып жатыр. Бұл кітап күз айларында жарық көреді деп күтілуде.

 

 

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT