Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Атырау облысында мемлекеттік қызметкерлер арасында дәстүрлі Quiz форматындағы зияткерлік сайыс ұйымдастырылды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Іс- шараның басты мақсаты — мемлекеттік қызметшілердің кәсіби білімі мен зияткерлік қабілеттерін шыңдау, командалық жұмыс дағдысын арттыру, ұжым арасындағы байланысты күшейту.
- Командалар бес кезең бойынша өзара бақ сынасып, жан-жақты дайындығы мен білім деңгейлерін сынады. Мұндай форматтағы іс-шаралар қатысушыларды ынталандырып қана қоймай, қызмет барысындағы серіктестікті нығайтуға ықпал етеді. Бұл сайыс облыстық Ішкі саясат басқармасы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің АОД ұйымдастыруымен өтті,- деді облыстық Ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Айдар Жален.
Байқауға облыстық басқармалар мен департамент өкілдері, қала және аудан әкімдіктерінің қызметкерлерінен құралған 14 команда қатысты. Қатысушылар заңнама, мемлекеттік қызмет, ұлттық құндылықтар, ел мен өңір тарихы және логикалық ойлау бағытындағы сұрақтарға жауап берді.
Нәтижесінде Махамбет ауданының «Сенімді серіктестер» командасы l орын иеленсе, Исатай аудандық әкімдігінің «IQ» командасы ll орын, ал lll орынды Мемлекеттік кірістер департаментінің «Tengri» командасы қанжығалады.
Жеңімпаздар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.