ҚР Сауда және интеграция министрлігінің 2024 жылғы 9 тамыздағы №304-НҚ бұйрығына сәйкес өңірдегі маңыздылығы үстем бірнеше сауда базарын жаңғырту жұмыстары басталды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жаңғырту бағдарламасына «Авангард», «Дина», «Аламан» және «Көктем» базарлары енген.
Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Еркебұлан Тағашовтың сөзінше қаладағы тұрғындардың саны 100 мың адамнан асса, сол жердегі сауда орындары жабық болуы керек, яғни стационарлық режимде жұмыс істеуі тиіс.
- Министрліктің бұйрығында енді базарларда ашық сауда орындары болмауы көзделген. Осыған байланысты «Авангард» базарында сметалық құжаттаманы және бизнес-жоспарды әзірлеу жұмыстары басталды. «Динада» эскиздік жобаны әзірлеу, жобалық-сметалық құжаттарды дайындау, бекіту және келісім алу жұмыстары жүргізілуде. «Аламанда» сәулет-жоспарлау тапсырмасы алынып, эскиздік жобасы келісілуде. Ал «Көктемде» реконструкция жұмыстары жүргізілуде, - деді Е.Тағашов.
Сондай-ақ ол, аталған жұмыстар 2026 жылдың соңына дейін аяқталуы керектігін жеткізді.