1-маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Маленькая Страна» оңалту орталығы мен Атырау облыстық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен ерекше форматтағы кездесу кеші өтті. «Жетістік желкені» жобасы аясында өткен «Жақсылық жасаудан артық жетістік жоқ» шарасы балаларға мейірім мен мотивация сыйлауға арналды.
Кездесудің басты мақсаты — ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау, олардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға ықпал ету, сондай-ақ қоғамда мейірімділік, жанашырлық және ізгілік құндылықтарын дәріптеу.
Шара аясында балалар үшін оңалту орталығы аумағында шағын экскурсия ұйымдастырылып, жануарлармен емдеу әдістеріне қатысты арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Балалар ат терапиясы, мысық және ит терапиясы, құстар мен аквариумдағы балықтардың емдік әсері туралы тың ақпарат алды. Мамандардың айтуынша, бұл әдістер балалардың психоэмоциялық жағдайын тұрақтандыруда маңызды рөл атқарады.
"Бұл қалашықтың мақсаты ерекше, миы зақымдалған балаларды үлкен әлемге қосу, интеграцияға дайындау. Мұнда экологиялық, органикалық, табиғи құралдарды қолдануға басымдық беріледі. Жануарлармен емдеу әдістерінің әрқайсысының өзіндік сауықтыру методикасы бар", — деді орталық басшысы Ерлан Күмісқалиев.
Айта кетейік, 2013 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орталық көптеген жетістіктерге қол жеткізген. Мұнда ем қабылдаған балалардың алғашқы буыны бүгінде мектеп бітіріп, колледждер мен лицейлерде білім алып жүр. Тіпті, кейбірі Пара ат спортынан Қазақстан құрамасына енген.
Орталықта 17 білікті маман жұмыс істейді. Мұнда ғылыми-зерттеу жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінеді — бүгінгі күнге дейін 13 ғылыми еңбек жазылып, авторлық құқықпен қорғалған. Бұл әдістемелер әлемдік деңгейде қолдануға лайық, әрі болашақта кеңінен таратуға мүмкіндігі зор.