Аймақта 20-26 мамыр аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында «Абайлаңыз – балалар!» республикалық акциясы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Шараның негізгі мақсаты – мектеп жасындағы балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және олардың жолдан өткендегі қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру. Бұл туралы облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының жол қауіпсіздігін қадағалауды ұйымдастыру тобының инспекторы Айбек Алимов брифинг барысында мәлімдеді.
– Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі – қоғам үшін аса маңызды. Акция аясында мектепке дейінгі және мектеп ұйымдарында тәрбиелік, ақпараттық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жасөспірімдерге жол жүру ережелері түсіндіріліп, жолдағы дұрыс әрекеттерге дағдыландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Велошерулер, сурет байқаулары, жолда жүру мәдениетін насихаттайтын кездесулер өткізіліп келеді, – деді А.Алимов.
Сонымен қатар 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Атырау қаласындағы №42 мектепте «Жас қорғаушылар кубогы» атты кіші аяқ добынан спорттық турнир өткізілді. Жас жол инспекторлары мен мектеп оқушылары қатысқан шара құқықтық мәдениетті арттыру мен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.
Жыл басынан бері облыс аумағында кәмелетке толмағандар тап болған 268 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, алты жасөспірім көз жұмып, 310-нан астам бала әртүрлі дене жарақатын алған. Бұл көрсеткіш жолдағы бақылауды күшейтудің, ата-аналардың, педагогтардың және жүргізушілердің жауапкершілігін арттырудың маңызын айқындайды.
– Әсіресе, соңғы қоңырау, мектеп бітіру кештері кезінде балалардың қатысуымен оқыс оқиғалар жиі тіркеліп отырады. Сондықтан ата-аналарды балаларының тәртібін қадағалауға, ал жүргізушілерді жолда сақ болуға шақырамыз. Жолдағы тәртіп – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз, – деді А.Алимов.
Атырау облыстық Полиция департаменті балалардың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы кешенді алдын алу жұмыстарын жалғастыра бермек.