«Атырау тұрғындарының бос уақытын сапалы, пайдалы етіп өткізуіне, әрі туристердің тартылуына ықпал ететін алып жоба құны 203,5 млн.теңгеге бағаланып отыр. Атырау қаласына қарасты Еркінқала ауылы аумағында салынып жатқан нысанның құрылысы 2022 жылы аяқталады » деп хабарлайды Atr. kz
«Этнопарктің ерекшелігі – көне мен жаңаның арасын байланыстыру және көпшілікті ұлттық құндылықтармен таныстыру. Атырауда бұрын мұндай жоба болған жоқ», – дейді жобаның бас менеджері Құралай Бралиева. Белгілі болғандай, қазіргі күні берілген аумақты тегістеп, тас төсеу жұмыстары жүріп жатыр, сол сияқты, ол жерге шырша ағаштары да егіледі.
Этно парк үш аймақтан тұрады. Этно – ауыл, этно – қалашық және этно-ойын алаңы. «Этно – ауылда киіз үйлер, «Қарауылтөбе» сырғанағы, ойын алаңдары, жануарлар ауласы және шұбатхана болады. Этно – қалашықта ұлттық асхана мейрамханасы, жәрмеңке, рухани орталық, денсаулық орталығы, тәрбие мектебі, ландшафт алаңы тұрғызылады. Этно – ойын алаңында дәстүрлі көрмелер, сахна, балалар ойын алаңдары, ғашықтар алаңы және жазғы демалыс аймағы болады деп күтілуде» деп нақтылады жобаны қолдап отырған компаниялар қатарындағы «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы.
Еске сала кетсек, осындай жобаға ұқсас парк Нұр-Сұлтан қаласында бар. Бүгінде «Атамекен» этно-мемориалдық кешені үлкен танымалдылыққа ие. Өскемен қаласында да этноауыл бар. Аталған нысандар қазақ елін мекендеген ұлттардың тұрмысы мен салт-дәстүрін дәріптеуге арналған.