Аймақ басшысы бірқатар азаматқа мемлекеттік награда табыс етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Серік Шәпкенов мемлекеттік және қоғамдық қызметте еңбек сіңірген, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген азаматтарды қабылдады. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім етті. Оларға жиында 2024 жылғы 16 қазандағы №675 және 13 желтоқсандағы №733 «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы» Жарлығымен наградаларды табыс етті.
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы РМҚК директоры Әбілсейіт Мұқтар «Құрмет» орденімен, ал «Атырау-Жарық» АҚ қалалық электр желілері диспетчерлік қызметінің диспетчері Серік Рыспаев ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен наградталды.
«Казкомсервис» ЖШС директоры Бақытжан Күлтекенов, «ТехИнжСтроой» ЖШС басшысы Асқар Мұхамбеталиев, «Орлан» ЖШС директоры Кенжебек Мырзағалиев, «Павлодарский речной порт» АҚ аймақтық директоры Мақсат Сәдуақасов, «Атырау облысы Су Арнасы»КМК энергетика қызметінің инженер энергетигі Диас Аманов, «Атырау жылу орталығы» акционерлік қоғамы электр цехының электр техникалық зертхана бастығы Асылбек Қуанов, «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамы №3 Жылу жүйелерін пайдалану ауданының магистралды жылу желілеріне қызмет көрсету жөніндегі 5-разрядты слесары Роллан Күлекешов, «Qazaqgazaimak» АҚ өндірістік филиалының газ желісін пайдалану және жөндеу қызметінде 5-ші тарифті разрядпен жер асты газқұбырларын пайдалану және жөндеу шебері Анатолий Макеев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Сондай-ақ жиында Атырау облыстық мәслихатының 2024 жылғы 27 қыркүйектегі №111-VIII шешімімен білім саласының ардагері Мәжит Сағиев, прокуратура саласының ардагері Халидулла Дәуешов, Ішкі істер саласының ардагері Нұрым Оразбаев «Атырау облысының Құрметті азаматы» атанды.
Бұдан бөлек, «Каспий нефть» АҚ қызметкері Бисенғали Салахиденов ҚР Энергетика министрлігі «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісін иеленді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ