Атырау облысының Қызылқоға ауданында сирек кездесетін құс табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының ресми өкілі Нұрлан Иманғалиевтің айтуынша, 8 шілдеде әлеуметтік желіде Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылының тұрғындары сұқсыр үйрекке ұқсас құс табылғанын жариялаған.
«Құс адамдардан үркімеген. Біздің инспекторлар ауыл тұрғындарымен байланысқа шықты. Тұрғындар тауып алған құсты Атырауға келе жатқан көлік жүргізушісі арқылы беріп жіберді. Инспекторлар құсты тексеруден өткізіп, жарақаттанбағанын анықтады. Сұқсыр үйрекке ұқсас құс «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағы арқылы теңізге құятын каналға жіберілді» -дейді Нұрлан Иманғалиев.
Жергілікті орнитолог, «Қансонар» республикалық қауымдастығы өңірлік өкілдігінің директоры Александр Ивасенконың айтуынша, Атырау облысында сұқсыр үйректің бірнеше түрі кездеседі. Мұндай құс Қызыл кітапқа енбеген.