Атырау облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауында айқындалған басымдықтарды талқылауға арналған актив жиыны өтті, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен шараға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық Мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес өкілдері, құқық қорғау органдары, департамент, басқарма, кәсіпорын басшылары, Атырау қаласы мен аудандар әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды Жолдау жүктеген міндеттерге қатысты арнайы баяндама жасаған аймақ басшысы оның болашаққа бағдарланған өрлеуді, жаңаша дамуды көздейтін бағдарламалық құжат екенін айрықша атап өтті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті жолдауы–халқымыздың көкейінде жүрген күрделі мәселелерге нақты шешім жолдарын ұсынды. Әлемді әбігерге салған пандемия бізді де айналып өтпеді. Осы ретте экономикалық-қаржылық дағдарыс жағдайында дамудың тетіктері мен жасалатын нақты істер жолдауда жан-жақты баяндалғанын атап өткім келеді. Сондықтан жолдау жүктеген міндеттерді басшылыққа алып, жүйелі жұмыс жасау – бұл жергілікті биліктің басты ұстанымы, - деді Махамбет Досмұхамбетов.
Сонымен қатар, өңір басшысы Атырау облысының жолдауының басым бағыттарынан туындайтын міндеттерге тоқталып, оларды жергілікті деңгейде іске асыру үшін қандай жұмыстар атқарылуы тиістігін атап өтті.
- Осы жылдың жеті айындағы көрсеткіш бойынша, бүгінде өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,9 триллион теңгені құраса, тау-кен өнеркәсібінде 2,6 трлн. теңге сомасында өнім өндірілген. Сонымен қатар, осы мерзім аралығындағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көрсеткіші - 31 млрд. теңгені құрап отыр. Одан бөлек, 2020 жылға көлік инфрақұрылымын дамытуға республикалық және жергілікті бюджет есебінен 41, 5 млрд. теңгеге отыз жеті елдімекенді қамтып, екі жүз жиырма үш шақырымнан астам жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу жоспарланған, - деп нақтылады облыс әкімі.
Өз кезегінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Салауат Мүкісімов те жолдаудың мемлекеттік басқару, мемлекеттік қызмет саласындағы бағыттарына тоқталды.
-Мемлекет басшысының айтуынша, азаматтардың әл ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан дұрыс. Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі әр азаматтың мұқтаждығын, халықтың үнін естуге бағытталған. Негізгі өзгерістер өңірлерден бастау алмақ. Біздің өңірдегі 69 ауылдық әкімнің 22-сінің өкілеттік мерзімі келесі жылы аяқталады. Сондықтан, ауыл әкімін сайлау ісі біз үшін өзекті,- деген Салауат Мүкісімов жолдауда жаңа басқару моделі, мемлекеттік менеджменттің жаңғырту секілді концептуалды мәселелерден бөлек мемлекеттік қызметшінің қиын қыстау кезіндегі жол картасы айқындалғанына да тоқталды.
Жиын соңында Махамбет Досмұхамбетов Президент жолдауында белгіленген бағыттардағы мәселелерді өз дәрежесінде ұйымдастырып, әрі қарай іске асыруды орынбасарларына, Атырау қаласы және аудан әкімдеріне тапсырды.
- «Алдымызда ауқымды әрі күрделі міндеттер тұр. Соларды табысты жүзеге асыру үшін тың тәсіл, жаңаша ойлау, жалпыұлттық ынтымақ және өзара қолдау қажет». Мемлекет басшысы жолдауда атап өткен осындай қасиеттерді бойымызға жинап, ұтымды қимылдайтын болсақ, кез-келген қиындықтарды еңсеріп, биік асуларды меңгеретініміз анық. Сондықтан, депутаттарды, мемлекеттік қызметшілерді, Атыраудың барлық саналы азаматтарын осы құндылықтардың айналасында топтасып, қажырлы еңбек етуге шақырамын, - деп сөзін қортындылады аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов.
Жиын барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт, Атырау облыстық ауруханасының басшысы Ербол Иманғалиев, Атырау қаласы Үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған №30 мектеп гимназиясының директоры Гүлфия Есқайырова және "АМӨЗ" бас директоры Шухрат Данбай жолдауда белгіленген бағыттар бойынша баяндама жасап, өз ой-ұсыныстарын айтып, қолдауларын білдірді.