Жақында өткен жоспарлы-алдын алу жұмыстары кезінде Атырау мұнай өңдеу зауытының ЭЛОУ АТ-2 технологиялық қондырғысының пештерінде ескірген 36 дана жанарғы ауыстырылды.
Іс-шара «Қазмұнайгаз» АҚ ҰҚ-ның 2022 – 2031 жылдарға арналған төмен көміртекті даму Бағдарламасына сәйкес пештерді техникалық қайта жарақтандыру жобасы аясында іске асырылды.
Тұтану жүйесімен және жалынды өшіру датчиктерімен жабдықталған жаңа жанарғыларды итальяндық International Compbustion Equipment S.r.l компаниясы АМӨЗ-дің тапсырысымен дайындады.
Жанарғыларды жаңартудан бөлек құрылыс-монтаждау жұмыстары аясында шығын өлшегіштерді ауыстыру, электрмен басқарылатын сұқпажапқыштарды орнату, газ тазарту сүзгілерін, қосымша клапандар, түтін газдарындағы оттегі құрамын талдағыштар, түтін сорғыштардың қозғалтқыштарындағы жиілікті реттегіштерді монтаждау жұмыстары жасалды.
ЭЛОУ АТ-2 қондырғысының операторлары жаңа жанарғыларды іске қосу және пайдалану негіздері бойынша теориялық дайындықтан өтті, ал қондырғыны іске қосу кезінде оларға құрылғыны тұтандыру бойынша қосымша дәріс берілді. Сондай-ақ операторларға жанарғыны пайдалану кезінде орын алуы мүмкін ауытқулар және тәуекелдерді мейлінше азайту үшін қажетті шаралар туралы айтылды.
«АМӨЗ» ЖШС-нің энерготиімділік жөніндегі бас маманы Сергей Шумиловтың айтуынша, пештерді техникалық қайта жарақтандыру жобасын жүзеге асырудың нәтижесінде тиімді жану есебінен пештерде отын шығынын төмендетуге, түтін газдарымен бірге атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың көлемін азайтуға және пештердің түтін сорғыштарында электр энергиясын үнемдеуге болады.
Қазіргі кезде жобаның энергия тиімділігін растау және бағалау мақсатында тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақ жүргізілуде.