Атырау мұнай өңдеу зауытында Қоғамдық экологиялық кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймағының түпкілікті шекарасын белгілеу мәселесі қаралды.
Отырысқа зауыт басшылығы, қала әкімінің орынбасары, мемлекеттік органдардың өкілдері, кеңес мүшелері мен экологиялық белсенділер қатысты. Жиынды ашқан «АМӨЗ» ЖШС Бас директоры Қуаныш Бишімов кәсіпорынның экологиялық жауапкершілік қағидаттарын ұстанатынын және жұртшылықпен ашық диалогқа мүдделі екенін баса айтты.
— Мұндай кездесулер өндірісті дамыту мен экологиялық ахуалды жақсарту арасындағы тепе-теңдікті сақтап, өзара тиімді әрекет етуге көмектеседі. Зауыттың қалаға жақын орналасуы үлкен жауапкершілік жүктейді. Сол себепті кәсіпорында өндірістің қоршаған ортаға әсерін азайтуға бағытталған кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Мұндай бастамалардың қатарында Tazalyq жобасы, автоматтандырылған бақылау жүйесін енгізу, резервуарларға понтондар орнату, жабдықтарды жаңғырту, иістің ашық көздерін жою және басқа да шаралар бар. Санитарлық-қорғау аймағының түпкілікті шекарасын белгілеу — зауыт маңында тұратын тұрғындардың денсаулығына және қоршаған ортаға зиянды факторлардың әсерін барынша азайту үшін жасалған маңызды қадам, — деді кәсіпорын басшысы.
2025 жылдың 26 сәуірінде Атмосферадағы ауаны қорғау республикалық ғылыми-зерттеу орталығының мамандары АМӨЗ-дің санитарлық-қорғау аймағының шекарасын және атмосферадағы ластаушы заттардың деңгейін анықтау үшін зерттеу жұмыстарын бастады.
Мониторинг тәулігіне төрт рет санитарлық-қорғау аймағының шекарасында және одан тыс орналасқан тұрғын аймақтардағы сегіз бақылау нүктесінде фотометриялық, электрохимиялық, хроматографиялық және дозиметриялық әдістерді қолдану арқылы жүргізілуде. Зерттеу барысында азот диоксиді, күкіртсутек, бензол, метилмеркаптан және басқа да ластаушы заттардың концентрациясы өлшенеді. Бұдан бөлек шу, діріл, жарық әсері, электромагниттік сәуле және радиациялық фон деңгейлері тіркеледі. Барлық жұмыстар ашық түрде, жақын маңдағы үйлердің тұрғындары мен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өтуде.
Жұмыстың барысы туралы баяндама жасаған ғылыми-зерттеу орталығының өкілі Ерболсын Дюсупов түпкілікті қорытынды шығару үшін жылдың төрт мезгілінде де мониторинг жүргізу қажет екенін айтты.
«Біз жұмыстардың көктемгі кезеңін аяқтадық. Толық бір жылдық бақылау нәтижесінде ғана санитарлық-қорғау аймағының нақты шекарасын анықтауға болады», — деді маман.
Жобаны талқылау барысында экобелсенділер зерттеудің қорытынды нәтижелерін ашықкөздерде жариялауды, сондай-ақ өндірістік шу мәселесіне назар аударуды сұрады. Бұған жауап ретінде зауыт басшысы АМӨЗ-де алау мұржаларының ұштықтарын ауыстыру жұмыстары жоспарланғанын айтты. Жоба іске асқан жағдайда алау қондырғыларынан шығатын дыбыстың деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.