Атырау мұнай өңдеу зауыты Жеңіс күнін атап өтті

(0 Votes)

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Атырау мұнай өңдеу зауыты бірқатар мерекелік шара ұйымдастырды.

 Алдымен кәсіпорын ұжымы еңбек ардагерлерінің үйіне арнайы барып, сый-құрмет көрсетті. Саналы ғұмырын өндірісті өркендетуге арнаған аға буын ізгі тілектерін айтып, кәсіпорын басшылығына ризашылықтарын жеткізді.

8 мамыр күні зауытта еңбек ардагерлері және қызметкерлердің қатысуымен мерекелік концерт өтті. Салтанатты шараны «АМӨЗ» ЖШС Бас директоры Қуаныш Бишімов құттықтау сөзбен ашты. Ол зауыт пен Жеңістің арасындағы ерекше тарихи үндестікті атап өтіп, биыл қос оқиғаның да 80 жылдығы қатар келіп отырғанын еске салды.

– Бұл – жай ғана сандардың сәйкестігі емес, бұл – тағдыр тоғыстырған тағылымды белес. Жеңіс пен зауыт – бір жылда туған, бір дәуірдің төл баласы, – деді ол.

Концерттің басты әртістері – кәсіпорынның талантты жұмысшылары болды. Олар жиналғандарға әсерлі әрі жүрекке жететін бағдарлама ұсынды. Сахна төрінде жан тебірентерлік өлеңдер мен соғыс куәгерлерінің естеліктері, майдан хаттары оқылды . Қазақ және орыс тілдерінде орындалған әндер сол кезеңнің рухын жеткізсе, би қойылымдары көрермендерді өткен ғасырдың атмосферасына жетеледі. Жиналғандар «Смуглянка-молдаванка» мен «Офицерлер» әндерін қосыла айтып, ерекше қошемет білдірді.

Концерттік бағдарлама барысында мұнай өңдеушілер Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ерлігіне арналған сахналық көрініс қойып, залдағыларды сол бір отты жылдарға ерітіп әкетті.

Концерт соңында көрермендер «Атамекен» әнін тік тұрып бірге шырқап, шараның шырайын аша түсті.

Ал 9 мамыр күні АМӨЗ қызметкерлері мен еңбек ардагерлері Жеңіс саябағындағы Мәңгілік алауға гүл шоғын қою рәсіміне қатысып, жауынгерлердің рухына тағзым етті.

Айта кетейік, Жеңіс жалауы көтерілген тұста зауытқа майданнан 350-ден астам жауынгер оралып, бейбіт өмірде еңбекке араласты. Олар зауыт жұмысын жетілдіріп қана қоймай, ерлік пен еңбектің өшпес өнегесін кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT